Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Диагнозы өте ауыр": Денсаулық сақтау министрі сарбаз Ербаянның әлі аяққа тұрмағанын айтты

Фото: erbayan2024 Instagram-парақшасы

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әскерде жүріп, кейін комаға түскен Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы оқиға 2023 жылдың желтоқсанында болған. Содан бері жігітке бірнеше ота жасалды.

"Оның жағдайы тұрақты. Қосымша оңалту және медициналық қызмет көрсету қажеттігіне байланысты Ербаян кеше ұлттық медициналық орталыққа жатқызылды. Ауруына сәйкес оған қажет көмек көрсетіліп жатыр. Әкесі қасында", – деді Әлназарова үкімет отырысында.


Әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың ісінде әлі күдіктілер жоқ


"Өз құқықтарын білсе, көмек көрсетілер еді": Министр 6 ай комада жатқан Ербаян Мұхтардың ата-анасы не себепті ақша жинағанын айтты


Министр барлық қолданылған шараға қарамастан, сарбаз әлі күнге дейін аяғынан тік тұра алмай жатқанына да тоқталды.

"Оның диагнозы өте ауыр. Жарақатымен қатар инфекция да болды. Тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Ол Түркияға да барған. Қазір біз өзіміз қосымша тексеру жүргізіп жатырмыз. Оның ата-анасымен шетелде емделу мәселесін талқыладық. Олар Қазақстанда емделуге келісті. Уақытынан бұрын болжам жасамай-ақ, барлық қажет көмек көрсетіліп жатқанына сендіремін", – деді министр.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап еткені туралы жазған едік. Анасының айтуынша, сарбазға әскери бөлімде қысым көрсетілген. Кейін тіпті ата-анасының рұқсатынсыз дәрігерлер оған ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған. Қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін 230 миллион теңге жинап берді. Ербаян Түркиядан ем алып келді. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 29 Сәуір, 2025 14:28
Талқылау