Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар деректердің жаппай таралуынан кейін ЖСН-ді қайта рәсімдеуі керек пе – Әділет вице-министрі жауап берді

Фото: Stan.kz

Қазақстандықтар жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) деректердің кең көлемде таралуына байланысты қайтадан алу керек пе деген сұраққа Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, ЖСН мен жеке куәлікті қайта рәсімдеудің алаяқтардан қорғануға көмегі жоқ. 

"ЖСН-ді қайта алу – мәнсіз. Өйткені бұл сәйкестендіру нөмірі. Ал несие мен алаяқтық мәселесіне келсек, біз бұл бағытта әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Қазір еGov порталында "Стоп кредит" атты қызмет бар. Сол жерге кіріп, ЖСН-ді тіркеп қойсаңыз, ешкім сіздің атыңызға несие рәсімдей алмайды. Сондықтан деректер қорғалған. Бірақ бір нәрсені ұмытпау керек, себебі алаяқтар да қарап отырмайды. Олар түрлі сұрақтар қойып, адамдарды алдауға тырысады. Сондықтан ешкімге сенуге болмайды, келген SMS-кодтарды ешкімге айтпаңыз", – деді Молдабеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сондай-ақ ол әділет органдары қолданатын цифрлық жүйелер толықтай қорғалғанын айтты.

"Біздің барлық жүйелер "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ қауіпсіз контуырында орналасқан. Бұл мемлекеттік ақпараттық жүйелер операторы. Ең мықты серверлер мен үздік мамандар сонда. Сол себепті біздің базаларымыздан ешқашан дерек тараған емес және болмайды да деп сеніммен айта аламын. Олар еGov электронды үкіметтің қорғалған контурында жұмыс істейді, барлық негізгі базаларымыз сол жерде", – деді вице-министр.


16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі тарап кеткен – Цифрлық даму министрі түсініктеме берді


Қылмыстық топ қазақстандықтардың жеке деректерін коллекторларға сатқан


 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 16 миллионнан астам адамның жеке деректері (аты-жөні, ЖСН, туған күні, телефон нөмірі, мекенжайы) интернетке тарап кетті. Тізімде стоматологиялар, емханалар, Салық комитеті мен университеттер сияқты мекемелердің мекенжайлары жиі кездеседі. Сарапшылар бұл жағдайдың дұрыс бапталмаған жүйелер немесе API арқылы болғанын айтады. Азаматтарға eGov, онлайн банкинг және Мемлекеттік кірістер комитетінің базасындағы белсенділіктерін тексеру ұсынылады. Мұндай мәліметтердің таралуы алаяқтық, фишинг, құжаттарды қолдан жасау сияқты қауіптерге әкелуі мүмкін. Қазір Мәжілісте жеке деректерді қорғауға бағытталған "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы қаралып жатыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 14:46
Талқылау