Cот-медициналық сарапшы Шерзаттың пышақ жарақатынан аман қалу мүмкіндігі болды ма, деген сауалға жауап берді
Фото: Жоғарғы сот скрин
Сот отырысында сарапшы Шерзат Полаттың денесінен анықталған жарақаттарды көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот отырысында мемлекетттік айыптаушылар Алматы қаласы бойынша сот сараптама медицинасының Талғар бөлімшесінің сот сарапшысы Мұхит Көшеровтен марқұм Шерзаттың алған жарақаттарын көрсетуді сұрады. Сарапшы денедегі бірінші жарақатты көрсетті.
“Бесінші-алтыншы қабырғаның арасында қолтық асты сызығы мен артқы қолтық асты сызығы екеуінің арасында еніп, шаншыла кесілген жарақат болды. Мен зерттеу жүргізгенде сол жақ кеуде қуысына еніп, шаншыла кесілген жарақат анықталды. Аталған жарақаттар артқы қолтық асты сызығы мен қолтық асты сызығының арасында орналасқан. Плевроқуысына кірген сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін жарақаттаған. Сыртқы жараның көлемі – 2 см. Жара каналының бағыты арттан алға қарай, сол жақтан оңға қарай және біршама жоғарыдан төменге қарай. Жара каналының тереңдігі 12 см”, – деді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, Шерзаттың оң көзінің асты да қанталап тұрған.
“Оң көзінің асты қанталап тұрды. Негізінде оң қолының сыртқы саусақтарында 2, 3, 4, 5-саусақтарында қанталау болды. Сол қолының бесінші саусағында сызат бар. Оң жақ иығының төменгі үштен бір бөлігінде сызаттар болды. Білегінде екі сызат болды. Оң жақ жіліншігінің үштен бір бөлігінде сызат бар. Ал желкесінің сол жағында шүйде бөлігінде қанталау болды. Оның көлемі – 6-3,5 см. Басқа жарақаттар болмады”, – деді сарапшы.
Сарапшы Көшеровтың айтуынша, марқұмның қазасына сол жақ кеуде қуысына пышақпен салынған жарақат себеп болған.
“Қазаға ұшырауына сол жақ кеуде қуысына кіріп, шаншыла кесілген жарақат себеп болған. Өкпе жарақаты, гематорокс плевро қабығында 1 500 мл қан жиналған. Ал желке, саусағындағы сызаттардың қазаға қатысы жоқ. Бұлардың бәрі сыртқы жарақаттар саналады. Біздің методика бойынша тексергенде бұлар ешқандай зиян келтірмейді. Егер пышақ жарақаты болмаса басқалары өлімге алып келмейтін еді. Шаншыла кесілген жарақаттардан кейін қысқа уақыт аралығында белсенді әрекеттер жасай алады. 1 минуттан аса көлемді қан жоғалтқанға дейін. Көбіне пышақ жарақаты дер уақытында медициналық көмек көрсетілмесе өлімге алып келеді. Жедел жәрдем, ота жасау мен қан кету көзін анықтаса тірі алып қалуға болар еді”, – деді сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев пен күдікті Дидар Қалиахметті беттестірген бейнежазба көрсетілген еді. Беттестіру кезінде күдікті мен жәбірленуші тараптың арасында текетірес болған.

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған
