Депутаттың ағасы Медеуде 11,5 миллиард теңгеге туристік база салмақ

Депутаттың ағасы Медеуде 11,5 миллиард теңгеге туристік база салмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Курсив басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет 2029 жылға дейін Алматының таулы аймақтарында туризмді дамытуға арналған кешенді жоспарды бекітті. Жоспарға бірнеше ірі инвестициялық жобалар кірген, олар жеке қаражат есебінен тауда жүзеге асырылатын болады. Олардың арасында ең ірілерінің бірі – Ski & Spa Resort туристік базасы. Ол 81 бөлмелі қонақүй, 5 қонақ коттеджі және 15 заманауи үйшіктерден тұрады.
11,5 миллиард теңге жұмсалатын Ski & Spa Resort турбазасын Sadu Development компаниясы салады. Аталмыш компания мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың ағасы кәсіпкер Ерлан Қожасбайға тиесілі.
Жоспарға сәйкес, жобаның жалпы инвестициялық көлемі бюджеттен тыс қаражат есебінен 11,5 миллиард теңгені құрайды. Жобаны 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Болашақ қонақүй Горельник ауданында, Медеу мұз айдыны мен Шымбұлақтың аралығында орналасады.
Sadu Development компаниясына Горельник ауданында екі көрші жер телімі тиесілі: бірінде аталмыш туристік база салынып жатса, екіншісінде Eco Resort туристі базасын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
eGov мәліметіне сәйкес, компанияның иесі – кәсіпкер Ерлан Садуақасұлы Қожасбай. Ол Amanat партиясынан Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбайдың үлкен ағасы.
Ерлан Қожасбай 2004 жылғы Олимпиадада Қазақстанның еркін күрес құрамасының бапкері болған және Қазақстан күрес федерациясында жұмыс істеген. Ашық дереккөздерде оның қонақүйлер мен мейрамханаларды басқару, жалға беру және жылжымайтын мүлікті басқару, сондай-ақ күн энергиясын өндіру саласында қызмет көрсететін 18 компанияның иесі екені көрсетілген.
Ski & Spa Resort жобасы Қазақстан Даму Банкінен 6,5% мөлшерлемемен 8 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып үлгерген. Несие мерзімі – 12 жылға белгіленген.
Несие беруге рұқсат 2023 жылы мақұлданған. Сол кезде ҚДБ жобаның құнын 13 миллиард теңге деп бағалаған.
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген