Депутаттың әйеліне тиесілі компания биыл Қазақстандағы жаңа әуежайдың құрылысын аяқтайды

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Зайсан қаласындағы жаңа әуежай 2026 жылы туристік маусымда алғашқы рейсін қабылдайтынын жеткізді. Жобаның бас мердігері мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашиновтың жұбайы Сауле Тұмашиноваға тиесілі “Элхон” компаниясы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, биыл тағы бірнеше әуежайдың құрылысы аяқталады. Олар:
- Қатонқарағайда;
- Кендірліде;
- Арқалық қаласында.
“Сонымен қатар, биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғыртуды аяқтау, Ақтауда перронды жөндеу, Атырауда терминалды жаңғырту жұмыстарын бастау жоспарланып отыр”, – деді министр.
Зайсан әуежайын кім салып жатыр?
Зайсан мен Қатонқарағайдағы әуежайлардың бас мердігері – “Элхон” компаниясы. Компанияның құрылтайшылары ретінде Сәуле Тұмашинова мен Жанболат Қазанов көрсетілген. 2025 жылдың тамызында Жанболат Қазанов көлік саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Тоқаевтан “Барыс” II дәрежелі орденін алған.
Әлемдегі ең уақытылы ұшатын әуекомпаниялар мен дәл хабарлайтын әуежайлар аталды
Алматы әуежайында әріптесін пара алды деп ұстап берген қызметкердің өзі сотталды
“Элхон” компаниясына “ОблШығысЖол” тиесілі. Бұл компания Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ұзын автокөлік көпірі саналатын Бұқтырма көпірін салған.
2024 жылы “Элхон” компаниясының таза пайдасы 15,2 миллион теңге болған. Бұл 2023 жылдың көрсеткішінен (299,4 миллион теңге) 19,7 есе аз.
Зайсан әуежайы туралы не белгілі
Жаңа әуежай Зайсан көлінен 25 шақырым қашықтықта, Сәтпай ауылының маңындағы бұрынғы әскери әуежайдың орнында орналасады. Алаң 184,5 гектарды алып жатыр. Әуежай Bombardier Q400 және ATR-72 сияқты заманауи аймақтық реактивті ұшақтарды қабылдай алады.
Инфрақұрылымға такси жолдары, төрт ұшаққа арналған перрон, 4000 шаршы метрлік терминал (сағатына 150 жолаушыға дейін), басқару мұнарасы, апаттық-құтқару қызметі, метеостанция және радионавигациялық жабдық кіреді.
Ашылғаннан кейін әуежай Зайсанды Астана, Алматы және Өскеменмен, Қытайдың Үрімші, Алтай және Канас қалаларымен байланыстырады. Бұл аймаққа туристерді тартуға көмектеседі. Қазір өңірге жылына 23 мың турист келсе, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 136 мың адамға дейін өседі. Зайсан болашақ логистикалық хаб ретінде де қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында жаңа әуежай құрылысының негізгі жұмыстары басталғаны туралы жазған едік.