Депутат "зиян" тағамдарды таңбалап, мектеп асханасында сатуға тыйым салуды ұсынды
Фото: Pixabay.com
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов "зиян" тағамдарды міндетті түрде таңбалауды енгізіп, мектептерде сатуға тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Парламент депутаты премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге қазақстандықтар, әсіресе балалар арасында зиян, бірінші кезекте ультра өңделген азық-түлікті тұтынудың артқанына қатысты сауал жолдады.
Ультра өңделген тағамдар – құрамында қант, тұз және майдың жоғары деңгейі, сондай-ақ жасанды қоспалар (бояғыштар, хош иістендіргіштер, эмульгаторлар) және талшықтар мен витаминдер аз болатын өнеркәсіптік өңделген тағамдар. Оларға газдалған сусындар, чипс, фастфуд, кондитерлік өнімдер, шұжықтар, мұздатылған тағамдар жатады.
"Бұл – жай әдет емес, кең ауқымды әлеуметтік-медициналық мәселе. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 9122 азаматта семіздік алғаш рет анықталған, 2023 жылмен салыстырғанда 3% артқан. Оның 27%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар", – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының зерттеулері де елдегі әрбір бесінші баланың артық салмағы бар екенін көрсетті. Сарапшылар негізгі себебі деп дұрыс емес тамақтану мен физикалық белсенділіктің төмен деңгейі деді.
Депутат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерін келтіріп, жыл сайын 8 миллионға жуық адам дұрыс емес тамақтанудан болатын аурулардан қайтыс болатынын айтты.
"Құрамында тазартылған қант, тұз, транс майлары, жасанды хош иістендіргіштер және дәм күшейткіштері бар ультра өңделген тағамдардың кең таралғаны және бақылаусыз қолжетімділігі ерекше алаңдатады. Арзан және қолжетімділігі бұл өнімдер тәуелділік тудырады, созылмалы аурулардың дамуына түрткі болады және тағамдық құндылығы жоқ. Өнімдер мектеп асханаларында, оқу орындарының жанындағы дүкендерде және онлайн жеткізу арқылы еркін сатылады", – деді Байтілесов.
Мәжілісменнің айтуынша, бұл салада тиімді реттеу жүйесі жоқ. Әсіресе әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама қосымша қауіп төндіреді.
Депутат халықаралық тәжірибеге сілтеме жасай отырып, Чилиде зиян тағамдар таңбаланып, оларды балаларға жарнамалауға тыйым салынғанын айтты. Ұлыбритания қантты сусындарды тұтынуды 30% қысқартқан "қант салығын" енгізді. Оңтүстік Корея жарнамасыз аймақтар құрып, мектептердің жанында зиян тағамдарды сатуға тыйым салды. Ал Франция мен Финляндия диетологтар мен ата-аналардың қатысуымен мектептегі дұрыс тамақтануды ұлттық басымдыққа айналдырды.
"Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, балалар мен ата-аналар үшін түсінікті және көрінетіндей етіп таңбалауды енгізу. Сондай-ақ мектептерде фастфуд сатуға тыйым салып, асханаларда бұл өнімдерге шектеу қойылсын", – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Сонымен қатар мәжілісмен салауатты азық-түлік өнімдерін өндірушілерді салықтық жеңілдіктермен ынталандыруды және зиян өнімдерді жарнамалауға шектеу қоюды ұсынды.

"Арнайы тізім жасалуда": Президент тапсырмасынан соң Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы қысқартылады
