Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық қордан миллиардтар кетіп жатыр: Депутат Ұлттық банкті ашық түрде есеп бермейсіңдер деп сынады

Стамбеков-stambekov.kФото: stambekov.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков Ұлттық қор активтерін басқаруда ашықтық жоқ екенін айтып, Ұлттық банкті сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжілісте "Қазақстан Ұлттық қорындағы 69 миллиард доллардың нақты қалай игеріліп жатқанын қоғам мен парламент неге әлі күнге дейін білмейді?" деп сұрақ қойған депутат бұл ақшаны басқаруға Ұлттық банк жауапты екенін еске салды.

"Ұлттық қордың активтерін Ұлттық банк басқарады. Бұл 2024 жылдың аяғында шамамен 69 миллиард доллар болған. Алайда жұмсалым құрылымы, тәуекелдер мен кірістілік қоғам мен парламент үшін жабық күйінде қалып отыр", – деп мәлімдеді депутат.

Есептерде толық ақпарат берілмейтінін Жоғары аудиторлық палата да растап отыр. Атап айтқанда, қаражат қай елдерге және қандай валютада салынғаны көрсетілмеген, стресс-тесттер мен бақылау жүйесі туралы ақпарат жоқ.

"Норвегиялық, сингапурлық және Абу-Даби қорлары сияқты халықаралық қорлар толық инвестициялық есептерді жариялап отырады, ал Қазақстанда әлі күнге дейін есеп беруде ашықтық жоқ, тәуелсіз қадағалау органы да жоқ", – деді Стамбеков.

Оның айтуынша, Ұлттық банк қордың ақшасын басқарады әрі реттеуші ретінде өз-өзін бақылайды. Депутат мұнда мүдделер қақтығысы болуы мүмкін екенін де алға тартты.

"Неге Ұлттық банк Ұлттық қорды басқарудың халықаралық ашықтық стандарттарын әлі күнге дейін енгізбей отыр және есеп беруді қамтамасыз ететін және мүдделер қақтығысын жоятын сыртқы бақылау, бақылау кеңесі немесе басқа тетік құру жоспарда бар ма?", – деп сұрады Стамбеков.

Бұған жауап ретінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев бұған дейін есептер шынымен де толық жарияланбағанын мойындап, биылдан бастап бәрі өзгереді деп уәде берді.

"Ұлттық банк бұл қорға қатысты сенімгерлік басқарушы болып саналады. Сондықтан Ұлттық банк тарапынан жыл сайын үкіметке бүкіл есеп беріліп отырады. Оны қаржы министрлігі жинақтап, президенттің жарлығымен бекітіледі. Бекітілгеннен кейін міндетті түрде жариялануға тиіс. Дегенмен кейінгі жылдары бұл ақпарат толығымен жарияланған жоқ, себебі халықаралық арбитражда резонансты істер болды. Жақын арада жарлық шығады, биылдан бастап есеп толығымен жарияланады. Бұл жерде сіз айтқан инвестициялық көрсеткіштер де, мемлекеттер бөлінісінде де және табыстылыққа қатысты, валютаға қатысты бүкіл ақпарат болады", – деді ол.

Жамаубаев мұндай есептерді Ұлттық банктің сайтында және ақпарат құралдарында үнемі жариялап тұруға уәде берді. Ол, бұған қоса, қазір де бақылау жүйесінде қор жоспарларының орындалуын бақылайтын арнайы кеңес пен комиссия бар екенін атап өтті.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 13:28
Талқылау