Депутат Тұрлыхановтың ұлы түзелгенін айтып, соттан жазасын жеңілдетуді сұрады
Фото: Видеодан скрин
Алматы облысының Алатау қалалық соты сотталған Нұрасыл Болаттың жазасының өтелмеген бөлігін жеңілірек жаза түріне ауыстыру туралы өтінішін қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2024 жылдың қазан айында Нұрасыл Болаттың 1 жыл 5 ай 10 күндік бас бостандығын шектеу жазасы бірнеше рет пробациялық бақылау талаптарын бұзғаны үшін орташа қауіпсіздік мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған еді.
"Сот анықтағандай, 2024 жылы 14 тамызда түнгі сағат үште Нұрасыл Болат қоғамдық орында жүрген. 11 қазанда кешкі уақытта мейрамханаға барған. 12 қазанда түнде көңіл көтеру орнына барған", – делінген сот хабарламасында.
Бұл тәртіпбұзушылықтар іс материалдарымен расталған. Сонымен қатар, Нұрасыл Болатқа өзіне жүктелген міндеттер алдын ала түсіндіріліп, оларды бұзудың салдары туралы ескертілген.
2025 жылы 4 қыркүйекте өткен сот отырысында сотталушы жазасының өтелмеген бөлігін жеңілдетуді сұрады. Прокурор да оның өтінішін ішінара қанағаттандырып, жазаны бас бостандығын шектеумен ауыстыруды ұсынды. Жәбірленушілер де осыны қолдады. Алайда сот Мәжіліс депутаты Дәулет Турлыхановтың ұлының өтінішін қанағаттандырмады.
"Өтінішті қанағаттандырудан бас тартуға сотталушының бұрын бас бостандығын шектеу жазасын өтеу кезінде қасақана бірнеше рет тәртіп бұзуы себеп. Барлық мән-жайды ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 73-бабы нормаларына сәйкес сот өтініште және материалдарда көрсетілген деректер сотталушы Болаттың мінез-құлқында оң өзгерістер барын дәлелдемейтінін анықтады. Ол түзелгенін дәлелдей алмады. Сондықтан ол жазасын түрмеде өтейді", – деді сот.
Еске салсақ, бұған дейін заңгерлер Олег пен Анна Черновты соққыға жыққаны үшін екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын алған депутат Тұрлыхановтың ұлының түнгі уақытта көшеде жүрген және тойда жүрген видеосы тарағаны туралы жазған едік. 22 қазан күні Алматы соты Нұрасыл Болаттың бас бостандығын шектеу жазасын пробация тәртібін бұзғаны үшін бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Енді депутат Тұрлыхановтың ұлы жазасының қалған 1 жыл 5 ай мерзімін орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтейді.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
