Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Ринат Зайытов Болат Назарбаевтың ұлының мүлкін тексеруді талап етті

Фото: parlam.kz 

Депутат Ринат Зайытов бас прокурорға сауал жолдап, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың мүлкін тексеруді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат экс-президенттің бауырының ұлы Нұрбол Назарбаевтан қайтарылған активтер туралы айтты.

“Кеше ғана Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен бірге оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынды. Ең бастысы, оның барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірісін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылды”, – деді депутат.

Депутат өз сауалында Алматыдағы атышулы "Алтын орда" базарына ерекше тоқталды.

“Бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облысында заңсыз алған жер телімдері туралы қоғамда түрлі деректер айтылып жүр. Әсіресе атышулы "Алтын орда" базарына қатысты жиі сөз болады. Алайда аталған нысандардың жоғарыда тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз”, – делінген депутат сауалында.

Ринат Зайытов активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа нақты пайдасы сияқты мәселелердің ашық жарияланбайтынын атап өтіп, бас прокуратураға нақты ұсыныс жасады:

- Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеме жүргізіп, оның заңдылығын анықтау, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтару.

- Аталған қайтарылған заңсыз активтер және олардың пайдаланылуы бойынша толық ақпаратты жұртқа қолжетімді ету.

- "Алтын орда" базары және Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастау.

Еске салсақ, осыған дейін Болат Назарбаевтың ұлына қарсы Бас прокуратура шағым түсіргенін жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 24 Қыркүйек, 2025 21:27