Депутат онлайн-казиноларды жарнамалайтын блогерлерге жазаны күшейтуді ұсынды
Фото: senate.parlam.kz
Сенат депутаты Геннадий Шиповских онлайн-казиноларды жарнамалайтын блогерлерге жазаны күшейтуді сұрап, депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, соңғы екі жарым жылда елімізде 205 астыртын казино жабылып, 224 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Блогерлердің заңсыз қызметтерді ілгерілетуге қатысуы ерекше алаңдаушылық туғызады.
Тек биылғы жылдың өзінде 34 блогердің онлайн-казиноларды жарнамалағаны анықталған. Олардың ішінде кейбірі бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылса да, заңсыз әрекетін жалғастырып келеді. Себебі қарапайым айыппұлдар оларды тоқтатуға жеткіліксіз, заңсыз жарнамадан түсетін миллиондаған пайда төленген әкімшілік жазадан әлдеқайда асып түседі.
Бір сәтте 10 көлік ұтысын ұйымдастырған блогер Жанәбіловтер айыппұлмен құтылмақ
"Әлеуметтік желілер кеңістігінде кейбір блогерлердің заңсыз жеңіл ақша табу үрдісі күрт көбейіп кетті. Әсіресе, олардың онлайн-казино, жалған ұтыстар, яғни гивтар, курстар және күмәнді қаржы айналымдарын насихаттауы кеңінен етек алып отыр. Бұл құбылыс халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай зиян тигізіп, жастар арасында құмар ойынға тәуелділік, отбасылық дағдарыс және көлеңкелі қаржы айналымының өсуіне әкелуде", – дейді депутат.
Геннадий Шиповских мұндай блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды.
"Қазір заңсыз онлайн-казино және күмәнді гивтерді жарнамалаған блогерлерге қолданылып жатқан әкімшілік айыппұлдардан бөлек, қылмыстық жауапкершілік тетігін толыққанды іске қосуды ұсынамыз. Әлеуметтік желілерде жиі ұйымдастырылатын ұтыс ойындары мен гивтердің заңдылығын тексеру үшін арнайы мониторинг жүйесін енгізу керек. Заңсыз жарнаманы таратушылармен қатар, осы қызметке делдалдық жасап отырған төлем ұйымдары мен жарнамалық агенттіктердің қызметіне мониторинг жүргізу керек", – деді Геннадий Шиповских.
Еске салсақ, бұған дейін құмар ойындарды жарнамалаған 34 блогердің есімі жарияланған еді, арасында Nikonet, Baller, Қайсар Қамза секілді танымал блогерлер де бар.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
