Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда несие берген кезде зейнетақы мен жәрдемақыны табыс ретінде есептеуге тыйым салу ұсынылды

Зейнеткер қолына ақша ұстап тұрФото: freepik.com

Бүгін мәжіліс отырысында депутат Ерлан Стамбеков банктер, микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар төлем қабілеттілігін дұрыс бағаламай, тіпті зейнетақыны табыс көзі ретінде есепке алып несие беретінін айтып, мәселе көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, несие төлем қабілеттілігін бағаламай, мүлікті кепілге алып, зейнетақы мен жәрдемақыны "табыс" ретінде есепке алып беріледі, кейін қарыз зейнетақы мен жәрдемақыдан өндіріледі.

Депутат келтірген мысал бойынша, Алматыда 2-топтағы мүгедектігі бар адамнан ломбард пайдасына 15 млн теңге өндірілген. Жеке сот орындаушысы оның мүгедектігі бойынша зейнетақысының 100 пайызын ұстап қалып, күнкөріссіз қалдырған.

Ал алаяқтардың арбауына түсіп қалған зейнеткер 72 жасында тұтынушылық несие рәсімдеген. Банк оның жалғыз табыс көзі – зейнетақысын есепке алған.

"Несиелер соңғы автокөлік немесе пәтер болса да, мүлікті кепілге алып, төлем қабілеттілігін нақты бағаламастан беріледі. Зейнетақылар мен жәрдемақылар несие беру кезінде "табыс" ретінде есепке алынады, ал кейбір жағдайларда БЖК талаптары шеңберінде мүлдем есепке алынбайды. Кейін сол қаржыдан қарыз өндіріледі", – дейді Ерлан Стамбеков.

Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдарды несие берушілердің пайда көзіне айналдыруын тоқтатуымыз керек деген депутат мынандай ұсыныстар айтты:

- халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар үшін банкроттық рәсімін жеңілдету; 

- төлем қабілеттілігін есептеген кезде зейнетақы мен жәрдемақыны табыс ретінде есептеуге тыйым салу;

- несиелік қарыздарды зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерден өндіріп алуға тікелей заңнамамен тыйым салуды енгізу.

Бұған қоса ол Қаржы нарығын реттеу агенттігіне, еңбек және әділет министрліктеріне халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдардың несиелік жүктеме ауқымын анықтау үшін терең талдау жүргізуді және жалғыз табыс көзін, атап айтқанда зейнетақы мен жәрдемақыны жүйелі қаржылық қорғау тетіктерін әзірлеуді сұрады.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 12:44
Талқылау