Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Депутат не әкімнің балалары емеспіз": Шерзат өлімі бойынша сотта айыпталушылар соңғы сөзін айтты

Тікелей эфирден скриншот

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша соттың жарыссөзінде сотталушылар ақталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сотталушылардың барлығы марқұмның отбасына көңіл айтты. Бірақ кінәларын мойындамады. 

Бірінші болып Дархан Әскентай сөз сөйледі. 

"Біріншіден, Шерзаттың анасы мен отбасына көңіл айтамын. Құрметті сот, мен сол жерде болдым, досыма телефон шалдым, бұл рас. Бірақ төбелес шығармадым, ешкімді пышақтамадым", – деді сотталушы.

Ол жағдайға Шерзаттың әкесін кінәлады.

Келесі кезекте тағы бір айыпталушы Равиль Сакиев сөз сөйледі.

“Жұмабике ападан кешірім сұраймын. Нұрғанатты аяқпен тепкенімді мойындаймын. Алайда айыппен келіспеймін. Нұрғанаттың бірінші сөзінде пышақ сұққан Азамат деді, екінші сөзінде Нұрқияс деді. Беттестіру кезінде мені 2017-ден танимын деді. Мылтық жайлы айтқанымда, “пышақты сен салдың” деп айтамын деп қорқытты. Менде пышақ болмады. Мылтық атқаны үшін ашуланып тептім”, – деді Сакиев. 

Сөзінше, бәрі фотозерттеуде бар.

Нұрбол Тоқтаубаев кінәсін жартылай мойындайтынын айтты.

"Мен өзімді ақтап жатқан жоқпын. Қылмыс жасау ниетім болмады. Досым көмек сұрағасын шықтым. Жағдайын анықтау үшін бардым. Бірақ белсенді әрекет жасамадым. Күш қолданбадым. Екеуін татуластырып, Дарханды алып кету ниетім ғана болды. "Денсаулық қойып тастайсың" деген әңгіме болмады. Тек екі рет тептім”, – деді Нұрбол.

Ол "Хуторскиймін" деп айтпағанын, агрессия көрсетпегенін айтты. 

Ал бауыры Азамат Тоқтаубае бұзақылық ниеттері жоқ екенін айтып, оқиға орнына тек ағасы үшін бардым дейді.

"7 жылдың өзі маған өмір бойына бас бостандығынан айырумен тең. Мен үшін бұл ауыр жаза. Мен бәрін түсінемін және жәбірленушілердің де баласы мерт болғанын түсінемін", – деді сотталушы.

Кәмелетке толмаған сотталушы Думан Ысқақ соттан өзін ақтауды сұрады.Оның айтуынша, ол қылмыс туралы келесі күні білген.

Шыңғыс Белғожаев та жәбірленушілерден кешірім сұрап, сөйлеген кезде тіпті жылап алды.

"Қолыма ота жасалғандықтан, қолымның ұшымен ұрдым. Мен өз кінәмді толық мойындаймын. Егер Шерзат Дарханды ұрмағанда, Қаржаубай пышақ алмағанда, Нұрқанат мылтық алмағанда мұндай жағдай болмас еді", – деді Белғожаев.

Ол кәмелетке толмаған сотталушының мүлдем қатысы жоқ екенін айтты. Бірақ ол сұралған моральдық сомаға келіспейтінін жеткізді.

"Біз депутаттардың, әкімдердің балалары емеспіз. Қарапайым отбасынан шыққан жігіттерміз. Құрметті сот, Қаржаубай Нұрымовты Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша соттауды сұраймын. Азаматтық талап бойынша: барлық соманы есептесеңіз – 600 миллион теңге. Тоғыз адам жұмыс істесек те, бұл соманы өтей алмаймыз. Бұл талапты қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймын", – деді айыпталушы.

Нұрқис Ілиясов оқиға орнына не болғанын білу үшін ғана бардым дейді. 

"Мен ол жерге ұрысуға барған жоқпын. Не болғанын білгім келді. Менде ондай ой болған жоқ. Мені бірінші болып марқұм Шерзат ұрды. Сол кезде ағасы келіп, біз жаққа оқ атты. Не істерімді білмедім, бір жағынан қорықтым, екінші жағынан ол атады деп ойладым. Мен мұны істегеніме қатты өкінемін", – деді Ілиясов.

Дидар Қалиахмет прокурорлар оның кінәсін дәлелдемегенін айтты.

Сотталушылардың соңғысы Абзал Шынасыл сөз сөйледі. Ол өзінің бетін түсіруге рұқсат берді.

"Бұған дейін айтқанымдай, мен өлтірген жоқпын . Егер мен мұны істегенімде, әу бастан-ақ айтар едім. Мен шындықты айттым", – дейді Шынасыл.

Ол жазадан қорықпайтынын айтып, соттан әділ шешім шығаруды сұрады.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ.

Судья үкім 5 маусым шығатынын мәлімдеді.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 12:21
Талқылау