Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Депутат МӘМС-тегі 2 триллион теңге бақылаусыз жұмсалып жатқанын сынады

Фото: facebook.com/murataben

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘС) жүйесі мен медициналық ұйымдарды бақылау төңірегінде дау туындап жатыр. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов денсаулық сақтау саласындағы заңнамалық олқылықтар салдарынан жемқорлық өршіп тұрғанын және емханаларды тексеру іс жүзінде мүмкін емес екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әбеновтің айтуынша, оған басты себеп мемлекеттік органдар күрделі бюрократиясыз медициналық мекемелерді тексере алмауы болып отыр. Науқас дәрігердің қатеcінен зардап шексе немесе қайтыс болып кетсе, бұл істі Денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсіріп, прокуратураның рұқсатын алып, ұзақ күткеннен кейін ғана тексеруге болады.

"Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бөлінетін екі триллион теңгеге бақылаусыз қол жеткізгісі келетін лоббистер мен жемқорлар бірнеше жыл бұрын медицинаны қарапайым бизнес саласына ығыстырған ережені өткізіп жіберді", – деп нақтылады ол.

Оның айтуынша, барлық процедураның созбалаңға салынатыны соншалық, сол аралықта дәлелдер жоғалып, оқиғаға қатысушылардың айғақтары өзгеріп кетуі мүмкін.

"Көбі әділдік іздеуден бас тартады. Біреудің баласы басқа дәріні қателесіп салып жібергеннен қайтыс болды. Факт бар. Бәрі айқын. Алайда тіпті министрдің нұсқауымен ауруханаға барып тексеруге болмайды, өйткені бизнеске ақша табуға болмайды-мыс" – дейді депутат.

Ал ветеринарлық клиникаларды немесе өсімдік жеткізушілерді рұқсатсыз, дереу тексеруге болады.

Депутаттар Мұрат Әбенов пен Бақытжан Базарбек медициналық ұйымдарға бақылауды күшейту мақсатында заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынған. Алайда олар қарсылыққа тап болған.

“Біз лоббистер тобы тарапынан қатты қарсылыққа тап болдық, олар бұған қарсы. Бұл медицина саласындағы бизнесмендердің ақша табуына кедергі болады дейді", – деп түсіндірді ол.

Әбенов адал дәрігерлер мен емханалар өзінің кәсібилігін дәлелдеу үшін тексеруге қарсы болмайтынына сенімді.

Еске салсақ, бұған дейін депутаттар Айдос Сарым мен Мұрат Әбенов қазақстандықтардың МӘМС жарналарының бір бөлігін өздері басқаруына рұқсат беруді ұсынғанын жазған едік.

Сондай-ақ негізгі жұмысынан бөлек жеке кәсіпкер ретінде табыс табатын тұрғындар міндетті медициналық сақтандыру қорына аударылатын қос жарнаға қарсылық білдірді. Жұмысшылар бұл жүйенің әділетсіз екенін айтып, назарылық білдіріп жатыр. Кәсіпкерлер палатасы өкілдері де оларды құптап отыр. 

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 13 Мамыр, 2025 17:49
Талқылау