Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Қазақстанның жастары есірткінің жаңа түріне тап болғанын айтып дабыл қақты

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында азот тотығы жастар арасында кеңінен таралып жатқанын айтып, бұл затты қолдануға және оның таралуына бақылауды күшейту қажет екенін алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: parlam.kz

“Қазақстанның жастары есірткінің жаңа түріне тап болды. Ол ресми түрде есірткілер тізімінде болмаса да, оның әсері нашақорлықтың алғашқы сатысы болуы мүмкін. Азот тотығы – медициналық процедураларда қолданылатын күшті заттардың тізіміне енгізілгеніне қарамастан, мейрамханаларда, барларда және түнгі клубтарда "күлкі тудыратын шариктер" деп аталып, танымал ойын-сауық құралына айналды”, – дейді ол. 

Депутат келтірген дерекке сүйенсек, азот тотығын ұзақ уақыт бойы қолдану B12 дәруменінің тапшылығын тудырып, жүйке жүйесінің бұзылуына, аяқ-қолдың жансыздануына, сондай-ақ қозғалыс қабілетінің төмендеуіне алып келеді. Сондай-ақ бұл зат психикалық денсаулыққа және жүрек-қан тамыр жүйесіне кері әсер ететін көрінеді.

“Кейінгі бір жылда елімізде "күлкі тудыратын шариктерден" кейін есін жоғалтқан, ауыр жарақат алған және жол-көлік оқиғаларына түскен жастардың саны өсіп келеді. Елімізде бұл газдың заңсыз айналымы үшін нақты қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған”, – деп атап өтті депутат. 

Бұл ретте депутат үкімет басшысынан мына жайттарға назар аударуын сұрады:

  •  Азот тотығының заңсыз айналымы үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікті белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізу жөнінде ұстаным ұсынуды;
  •  Осы заттың таралуы мен қолданылуын, сондай-ақ оны еркін сатудың шектеулерін бақылауды күшейтуді;
  •  Құқық қорғау органдарына алдын ала шағым жасамай-ақ, күлетін газды заңсыз пайдалану мүмкін болатын мекемелерге тексеру жүргізу үшін қосымша өкілеттіктер беруді;
  •  Жастар мен оқушылар арасында "күлетін газдың" медициналық емес мақсатта пайдаланудың зияны туралы профилактикалық және түсіндіру іс-шараларын жүргізуді сұраймын.
Талқылау