Депутат сирек кездесетін металдардың Қазақстаннан заңсыз шығарылып жатқанын айтып, дабыл қақты
Фото: depositphotos.com
Депутат Азат Перуашев өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа Қазақстаннан қымбат және сирек кездесетін металдардың шикізат күйінде шетелге шығарылып жатқанын айтып, сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Перуашев соңғы жылдары АҚШ пен Қытай сияқты әлемнің жетекші елдері заманауи технологияларды дамыту үшін стратегиялық маңызы бар сирек кездесетін металдарды өндіруге үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Осы жылдың наурыз айында "Ақ жол" фракциясы қымбат және сирек кездесетін металдарды басқа шикізат түрі ретінде экспорттау фактілері бойынша сауал жолдаған. Сәуірде өнеркәсіп министрлігі компаниялар экспорт кезінде шикізат құрамын растайтын аккредиттелген зертхана құжаттарын ұсынуға міндетті екенін хабарлапты.
"Алайда министрліктің ресми жауабынан көрініп тұрғанындай, бақылау функциялары кен пайдаланушының өз тапсырысы бойынша жұмыс істейтін зертханаларға берілген, ал мемлекеттік орган олардың мәліметтерінің шынайылығын еш тексермей, тек құжаттарды қабылдаумен шектеледі. Атап айтқанда, тәуелсіз немесе мемлекеттік зертханаларды тарту арқылы тәуелсіз тексеру механизмі қолданылмайды", – деді Перуашев.
Қазақстанның алтын, мыс, көмір қоры қанша жылға жетеді
Депутат Қазақстанға жаңа кен пайдаланушылары көптеп кіріп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, 19 қыркүйекте өнеркәсіп министрлігі алтын, никель, кобальт, марганец, темір рудасы, көмір және басқа да пайдалы қазбалардың шамамен 40 кен орнын аукцион арқылы сатуды жоспарлап отыр.
"Ал жеңілдетілген лицензиялау шеңберінде барлығы 3 200 барлау және өндіру лицензиясы берілген, олардың арасында шетелдік тұлғалар да аз емес. Бірақ олардың барлығы Қазақстанның ұлттық мүдделерін сақтайтынына ешкім кепілдік бере алмайды", – деді депутат.
Перуашев жаңа Конституцияға сәйкес жер мен кен қазбалары Қазақстан халқының меншігі екенін, демек мемлекет олардың ұқыпты пайдалануын қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салды.
"Ақ жол" фракциясы деректерді теріс пайдалану мен манипуляцияларды болдырмау мақсатында экспортталатын кен мен концентраттарға тәуелсіз аккредиттелген зертханаларды тарта отырып, бақылаушы химиялық талдау енгізуді талап етеді, бұл зертханалар кен өндірушілермен келісімшарттық қатынаста болмауы тиіс", – деді депутат.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда сирек жер металдарының 11 кен орны анықталған еді.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
