Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Қазақстанда автомектептерге мемлекеттік бақылауды қайтаруды ұсынды

Фото: radk61.ru

Депутат Геннадий Шиповских депутаттық сауалында авто мектептерге мемлекеттік бақылауды қайта енгізіп, жүргізушілерді даярлау талаптарын күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің сөзінше, бұған себеп Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының күрт өсуі. Мәселен, 2023 жылы 15 886 апат тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 31 597-ге жеткен. Ал 2025 жылдың алғашқы жартысында 36 146 жол апаты болған. Соның салдарынан жүздеген адам қаза тауып, ондаған мың адам жарақат алған.

"Бүгінде елімізде 727 авто мектеп жұмыс істейді, оның ішінде тек 160-ы ғана мемлекеттік мекеме, қалғаны жекеменшік ұйымдар. Жүргізушілерді даярлау сапасына мемлекеттік бақылау іс жүзінде жойылған. Жаңа авто мектептерді тіркеу формалдылыққа айналды, ал оқу процесін бақылауда құқық қорғау органдарының рөлі әлсіреген", – деді Геннадий Шиповских.

Сонымен қатар депутат шетелдік тәжірибеде кең қолданылатын "вафельді таңбалауды" күрделі қиылыстарда енгізуді ұсынды. Бұл таңба жолдың бос емес бөлігіне кіруге тыйым салатынын көрсетіп, қозғалысты реттеуге көмектеседі.

Бұдан бөлек, ол жол-көлік оқиғаларының себептерін терең талдау және алдын алу шараларын күшейту үшін бірыңғай аналитикалық жүйе құруды да ұсынды.



Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар алғашқы жүргізуші куәлігін алуға өтінішті онлайн бере алатынын жазған едік. Жүйе қажетті құжаттарды автоматты түрде тексеріп, емтиханға жазылу процесін жеңілдетеді. Қызмет пилоттық режимде 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін іске асады.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 19 Наурыз, 2026 17:26