Депутат министрліктің қарсылығына қарамастан тонировкаға қойылған тыйымды алып тастауды тағы ұсынды

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков көліктердің алдыңғы әйнегін ақылы түрде қараңғылауға (тонировка) рұқсат беруді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда жол сапасының нашарлығынан адам өліміне әкелетін апаттар көп тіркеледі. 2025 жылы елде 36 мың жол апаты болған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14%-ға көп.
“51 мыңнан астам адам зардап шекті, шамамен 2,5 мың азамат қаза тапты. Ең ауыр жол апаттары инфрақұрылымы сапалы әрі қауіпсіз болуы тиіс қала сыртындағы трассаларда болып жатыр”, – деді ол.
Құспековтың сөзінше, жол саласына жыл сайын шамамен 1,9 триллион теңге қажет. Алайда нақты бөлінетін қаржы көлемі 1 триллион теңгемен шектеліп отыр, бұл жеткіліксіз. Ал республикалық бюджеттен жол жөндеуге бөлінетін қаржы шамамен 44 миллиард теңге болады. Бұл да жолдарға түсетін жүктеме мен тозу деңгейін ескерсек, мардымсыз.
Қазақстанда тонировкаға рұқсат беру туралы ұсыныстан Ішкі істер министрлігі бас тартты
"Жылына 50 миллиард теңгеден аса табыс түспек": Қазақстанда ақылы тонировканы заңдастыру ұсынылды
“Жыл сайын жол салу мен қайта жаңғыртуға қомақты қаржы бағыттаймыз. Алайда тұрақты қаржыландыру тетігі болмағандықтан, бір мәселеге қайта-қайта ораламыз. Қаржыландыру жүйесі әлі де бюджет циклдеріне тәуелді болып отыр”, – деді депутат.
Тонировкаға рұқсат беру ұсынысы
Осы жағдайға байланысты Олжас Құспеков “Жол қорын” құруды ұсынды. Қорды толықтырудың бір тетігі ретінде көліктердің алдыңғы әйнектерін ақылы түрде қараңғылауға рұқсат беру мәселесін көтерді.
Оның айтуынша, қорды толықтыру үшін ақылы жолдардан түсетін түсімдер, транзиттік алымдар, жол бойындағы сервисті дамыту, салықтан тыс өзге де кірістер пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар көлік әйнектерін қараңғылауға рұқсат беретін ақылы механизм де қосымша қаржы көзі бола алады. Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген.
Депутат халықаралық тәжірибені мысалға келтірді. Оның айтуынша, АҚШ-тағы Highway Trust Fund жылына 40-50 миллиард доллар жинайды. Германияда жол алымдары 8-9 миллиард доллар кіріс әкеледі. Ал көршілес Өзбекстанда жол саласына жыл сайын шамамен 200 миллион доллар бөлінеді.
Қорытындылай келе депутат Үкіметтен Жол қорын құру мәселесін қарастыруды және оны тұрақты қаржы көздерімен, соның ішінде ақылы қызметтер мен салықтан тыс түсімдер есебінен толықтыру тетіктерін айқындауды сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін де “Республика” партиясының депутаты Олжас Құспеков премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдап, алдыңғы бүйір әйнектерді кемінде 70% жарық өткізетін ақылы тонировканы заңдастыруды ұсынған еді. Бірақ Ішкі істер министрлігі Қазақстанда көліктердің терезелерін толық қараңғылауға қарсы екенін айтқан.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты