Депутат Қазақстанда шетелден миллиондаған доллар аударатын “сұр аймақ” барын айтты
Фото: yenicaggazetesi.com.tr
Депутаттар шетелден қаржы алатын әрбір адамның аты-жөнін және алған қаражат көлемін ашық көрсетуді талап етті. Олардың айтуынша, бұл "идеологияны таңу" мәселесі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
4 желтоқсанда Мемлекеттік кірістер комитеті шетелден ақша алатын азаматтардың тізімін жариялаған еді.Мәжіліс отырысында депутат Магеррам Магеррамов бұл тізімнің еліміздің ақпараттық егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігі үшін үлкен алаңдаушылық тудыратынын мәлімдеді.
Ол аталған тізімдегі азаматтардың қанша ақша алатыны белгісіз екенін, бұл сомалар жылына ондаған миллион доллар болуы мүмкін екенін айтты.
"Бұл ақша қайда және не үшін жұмсалады? Біздің елде кейбір адамдар осындай қыруар қаражат алады, ал олардың бұл ақшаны қайда бағыттайтынын ешкім бақыламайды. Отанымыз үшін ешкімнің жүрегі ауырмай ма?", - деді Магеррамов.
Депутаттың айтуынша, қазіргі тізілімде қаржыландыру көздері, сомасы және мақсаттары ашық көрсетілмеген. Шын мәнінде қауіп бұдан да тереңде жатыр деп есептейді. Яғни тізілімге тек тізбектегі алғашқы адамдарды ғана енгізеді.
"Одан кейін не болады? Шетелден келген ақша шетелдік ұйымдардың филиалдарына түседі, ал ол жерден ел бойынша екінші деңгейлі гранттар ретінде тағайындалады. Қоғаммен тікелей жұмыс істейтін соңғы алушылар көзден таса болады. Бұл заңнамалық олқылық, үлкен "сұр аймақ", жасырын операциялар үшін қолайлы орта", - деді депутат.
Магеррамовтың айтуынша, шетелдік қаражат есебінен "идеологияны таңу, әлеуметтік дүрдараздықты қоздыру, азаматтарды бір-біріне айдап салу, өшпенділікті күшейту, бірлікті бұзу" секілді әрекеттер жасалуы мүмкін.
"Нәтижесінде сұмдық парадокс пен көзге көрінетін екіжүзділік пайда болады. Шетелден ақша алатын белсенді мемлекеттен ашықтықты талап етеді, ал өзінің қаржысы құпия сақталады. Бұл нағыз ақпараттық соғыс", - деді ол.
Депутат осының бәрін Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында баяндады.
Сауалда ол тізілімдегі келесі мәліметтердің ашық көрсетілуін талап етті:
1. Қаржыландыратын донорлар.
2. Әр алушы мен әр келісім бойынша алынған толық сомалар.
3. Қаражат бөлінген мақсаттардың толық сипаттамасы.
4. Қоғамға арналған жыл сайынғы ашық есеп.
"Шетелдік қаржыландыру мен оның жұмсалуы туралы ақпаратты жасыру немесе жалған мәлімет беру үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Бұл бюрократия емес. Бұл – ұлттық өзін-өзі қорғау актісі. Бұл кім және не үшін халқымызбен шетелдік қаражат арқылы сөйлескісі келетінін білу құқығымыз", - деді депутат.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады