Депутат Қожаназаров Берденовтің есін жиған соң айтқан алғашқы сөзін жеткізді
Фото: instagram.com/a1darbek
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуыл туралы сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер Қожаназаровтан партияласының жағдайы туралы сұрады.
"Әзірге бәрі жақсы деп айта алмаймыз. Өйткені ол ауыр жарақат алды. Оған үш рет оқ атылды. Мұндай шабуылдан кейін аман қалу қиын. Оңалту біраз уақытты алады. Біз, мен де қатты алаңдадым", – деді Айдарбек Қожаназаров.
Депутат болған оқиғаға қатысты айтылған нұсқалардың ешқайсысына сенбейтінін жеткізді. Ол әкім орынбасарына жасалған шабуылды "тұрмыстық қылмыс" деп атады.
"Менің ойымша, бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ. Бұл – жеке мәселе. Мен ешбір нұсқаға сенбеймін. Бұл қарапайым тұрмыстық қылмыс деп ойлаймын. Берденов әзірге айғақ бере алмайды", – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, Руслан Берденов ауруханада оянған соң бірден жұмысына асыққан.
"Ол әлі наркоздан есін жия алмай жатыр. Оның айтқан негізгі сөздері: "Мен тұруым керек, жұмысқа баруым керек". Ол аурухана төсегінде жатқанын түсінбеді", – дейді Қожаназаров.
Айта кетейік, бұған дейін 21 сәуір күні кешке Шымкент қалалық әкімдік ғимаратының алдында Берденовті атып кетті. Кейін атқан күдікті қалалық әкімдікке қарасты “Тұрғын үй Шымкент” ЖШС басшысы Ернар Жиенбай екені айтылған. Ол – 1994 жылы туған азамат. Полиция Жиенбайды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Оған қатысты қылмыстық іс қозғаған. Ал Берденовтің оң жамбасы мен иығына оқ тиген. Күдікті оған үш рет оқ атып үлгерген. Мұны Берденовтің қызметтік көлігінің жүргізушісі байқап, тез арада газды басып, күдіктіні көлігімен қаққан. Осы жағдайдан соң әкім орынбасарына шұғыл ота жасалып, қазір жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.