Депутат Ермұрат Бапи Алматы-Пхукет рейсінде ауырып қалды
Депутат Ермұрат Бапи Алматы-Пхукет рейсінде медициналық көмекке жүгінді. Әуе кемесінің экипажы жолаушының денсаулығының нашарлауына байланысты шұғыл көмек көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: centralasia.media
Парламент мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Алматыдан Пхукетке ұшқан кезде қан қысымы күрт түсіп, ауырып қалды.
Әуе кемесінің экипажы дереу қажет медициналық көмек көрсетті. Жолаушылар арасында депутаттың қан қысымын өлшеген дәрігер болған. Ал стюардессалар оның жағдайын тұрақтандыру үшін кофе ұсынған.
Ермұрат Бапи жағдайы тез қалпына келіп, өзін жақсы сезінетінін жеткізді.
"Уайымдаудың қажеті жоқ. Қорқатындай нәрсе болмады. Ықтимал апатты қону нұсқасы туралы әңгіме болмады”, – деді депутат.
Ұшақ маршрутты сәтті аяқтап, Пхукет әуежайына кешікпей, өз уақытында жетті.
Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзінің "улануына" қатысты ақпарат туралы мәлімдеме жасаған еді.
Талқылау