Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда газбен жүретін көліктерге жаңа тыйым енгізіледі

Фото: freepik.com

Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жанбыршин газды қашықтан есептейтін есептегіштерді іске қосып, газ бағасын қалыптастыру тәсілін қайта қарауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елімізде “Газбен жабдықтау және газды ұқыпты тұтыну мәселелері туралы” заңға тиісті өзгерістер енгізілмек. Мәжіліс отырысында өзгерістерді депутат Еділ Жаңбыршин түсіндірді. 

Оның айтуынша, қазіргі жүйе тұтынудың нақты көлемін көрсетпейді және өңірлердің климаттық айырмашылықтарын ескермейді. Бұл әлеуметтік әділеттілік қағидасының бұзылуына әкеледі.

Депутат газ тұтынудың нормасын енгізіп, сол нормадан асқан жағдайда сараланған тариф қолдануды ұсынды. Мұндай тәжірибе қазір су және электр энергиясы саласында бар.

“Газ есептегіштерді ауыстыру керек”

Сондай-ақ ол бүгінде есептегіштердің көпшілігінің көрсеткіші қолмен жазылып алынатынын немесе мессенджер арқылы жіберілетінін айтты. Сөзінше, бұл нақты есеп жүргізуге кедергі келтіреді. 

Еділ Жанбыршин ескі есептегіштерді ауыстыру шығынын газ жеткізуші компаниялар көтеруі тиіс екенін мәлімдеді. Бұл есептің дәлдігін арттырып, тұтынушылардың төлемін азайтуға мүмкіндік береді. Ал үнемделген газ көлемін өндіріс қажетіне және шалғай елді мекендерді газдандыруға бағыттауға болады.

Сондай-ақ Мәжіліс отырысында газ құю бекеттері мен газбен жүретін көліктерге қойылатын талаптар күшейтілетіні айтылды. Депутат Еділ Жанбыршиннің айтуынша, елдегі 3 мың автогаз құю бекетінің 90%-ында газ сақтайтын сыйымдылықтар жер үстінде орналасқан. Дәл осындай бекеттерде 2025 жылы Түркістан және Атырау облыстарында жарылыстар болып, салдарынан адамдар қаза тапқан.

Заңға енгізілетін түзетулер мыналарды көздейді:

  • жаңа газ құю бекеттерін тек жер асты сыйымдылықтарымен салу;
  • барлық бекеттерді 2031 жылдың 1 қаңтарына дейін газ сақтайтын ыдыстарын жер астына көшіруге міндеттеу;
  • көліктерді және тұрмыстық газ баллондарын ресми рұқсат етілген орындардан тыс жерде толтыруға тыйым салу.

Газ құю бекеттері азая ма?

2025 жылы Қазақстанда шамамен 2 миллион тонна сұйытылған газ тұтынылған. Ал өндірілген көлемі небәрі 1,8 миллион тоннаны құраған. Демек, елде газ тапшылығы бар екенін депутат айтты. 

Оның сөзінше, қазір бақылау әлсіз, автогаз құю бекеттерінің саны көбейіп барады. Осы жағдайды реттеу үшін өңірлердегі әкімдіктерге мұндай бекеттердің санын шектеуге рұқсат беру ұсынылып отыр. 

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Мәжіліс депутаттары “газбен жабдықтау және табиғи газды ұтымды пайдалану мәселелерін реттейтін” заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта мынадай өзгерістер қарастырылған:

  • бір желі арқылы газды бірнеше компанияның қатар тасымалдауына тыйым салынады;
  • газ таратушы кәсіпорындар магистральдық құбырларға тікелей қосылуға міндетті болады;
  • жеке тұлғалар газ тарату желілерінің жекелеген элементтерін салып, кейін оны мемлекетке сатуға құқылы болады;
  • газдың тұрмыстық және өндірістік тұтынушылары ұғымдары нақты ажыратылады;
  • бюджеттік ұйымдар энергоресурстарды мемлекеттік келісімшарттар арқылы белгіленген тұрақты тарифпен сатып ала алады;
  • мемлекет қаржысына салынатын орталықтандырылған газ жеткізу нысандарының жобалық-сметалық құжаттамасы ұлттық оператордың міндетті келісуінен өтеді.

Сондай-ақ өңірлік билік мемлекеттік қаржы есебінен салынған газ желілерінің мүлкін мемлекетке өтеусіз беруге міндеттеледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда газбен жылытуға төлем жасау ережелері өзгеретіні туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 11:17