Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат "Бәйтерек" пен бір жылдан бері "Қазцинкті" сатқысы келіп жүрген Glencore компаниясын сынға алды

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров "Бәйтерек" холдингі мен "Қазцинктің" 70% акциясына иелік ететін швейцариялық Glencore компаниясын қатаң сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Экспорттаушыларды қаржыландыру бағдарламасы аясында бөлінген шамамен 1 трлн теңге қаражаттың 35%-ын “Қазцинк” АҚ алған. Экспортты қолдаудың мақсаты отандық жоғары технологиялық өнімнің халықаралық нарықтарға шығуын қамтамасыз ету. Бұл жерде “Қазцинктің” қандай қатысы бар? “Қазцинк” жартылай фабрикаттарды экспорттайды. Ең қызығы, компания биржада сауда жасайтындықтан, алдын ала төлеммен жұмыс істейді. Сонда трансұлттық Glencore корпорациясын не үшін несиелендіруміз керек?" – деді Саиров.

Оның айтуынша, Glencore Қазақстанда болған 20 жыл ішінде жоғары технологиялы отандық өнімнің бірде-бір кірпішін қалап көрмеген. Мәжіліс депутаты мемлекеттік қаражаттың Қазақстандағы шетелдік компанияларды қолдауға не себепті жұмсалып отырғанын сұрады. Саиров бұл сұрағын "Бәйтерек" ұлттық холдингінің басшысы Рустам Қарағойшинге қойды.

Қарагойшин "Қазцинктің" Қазақстан Республикасының юрисдикциясында тіркелген қазақстандық компания екенін және "Бәйтерек" холдингі үшін қаржыландыруға өтінім берген кез келген отандық кәсіпорын клиент болып есептелетінін айтты.

"Біз өтінімді қарап, оның негізділігі мен біздің талаптарға сәйкестігі болған жағдайда қанағаттандыруымыз керек. Экспорттық бағыт – күрделі сала. Біз Қазақстан экспортының неден тұратынын жақсы білеміз. Бұл сыртқы нарықтарға шығарылатын 10 негізгі өнім. Қазір жоғары технологиялық бағыттарға көбірек көңіл бөлініп отырғаны түсінікті. Алайда олар жұмыс істеп тұрған салалармен салыстырғанда баяу дамып жатыр. Кез келген экспорт елге валюта түсімін әкеледі, бюджетке қосымша кіріс береді. Сондықтан біз отандық экспорттаушыларды қолдауға тырысамыз", – деді Қарағойшин.

Ол сондай-ақ қазіргі кезде металлургия саласының да сыртқы нарықтарда қиындықтарға тап болып отырғанын, сол себепті холдинг Қазақстан экспортын қолдауға тырысатынын айтты.

Рая Мінәп
Сәрсенбі, 24 Желтоқсан, 2025 16:57