"Мыңдаған адамның өміріне әсер етеді": Денсаулық сақтауға қатысты жаңа заңда не өзгереді
Фото: depositphotos.com
Депутат Асхат Аймағамбетов Telegram арнасында денсаулық сақтау саласына қатысты жаңа заңдағы өзгерістер туралы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңнамаға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Түзетулердің бірінші бөлігі денсаулық сақтау саласындағы жекелеген мәселелерді шешуге бағытталған.
Соның ішінде, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулер кезінде амбулаториялық жағдайда берілетін мамандандырылған медициналық көмек аясындағы зерттеулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен алынып, мемлекет кепілдік беретін тегін медициналық көмектің қатарына енгізілді. Сондай-ақ бірқатар түзетулер мүгедектігі жоқ науқастарды есту аппараттарымен қамтамасыз етуді көздейді.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өз жазбасында заңдағы жаңа өзгерістер "мыңдаған адамның өміріне әсер ететінін" атап өтті.
"Онкоскрининг енді 3,5 миллион сақтандырылмаған азамат үшін де тегін болады. Бұл – уақтылы диагностика, тиімді ем, сақталған өмірлер деген сөз. Мыңдаған отбасы үшін бұл – мүмкіндік, үміт және нақты көмек", – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ депутат медицина саласындағы PhD докторантура бағдарламасына назар аударды. Бұл бағдарлама бұрын тек университеттер арқылы жүзеге асырылып келген. Депутаттың айтуынша, енді заңдағы өзгерістерге сәйкес, докторантураға гранттарды тікелей ұлттық медициналық ғылыми орталықтарға бөлу мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар, бұл орталықтар өздерінің диссертациялық кеңестерін құра алады.
"Болашақ ғалым-дәрігерлер тәжірибелі дәрігерлердің жанында, ота залдарында, тәжірибеде білім алады. Бұл – шынайы ғылым, шынайы жауапкершілік және құтқарылған өмірлер деген сөз", – дейді Асхат Аймағамбетов.
Еске салсақ, бұған дейін президенттің "денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойғаны туралы жазған едік.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
