Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Питер Фостер Air Astana-дағы былыққа кінәлі ме, әлде талантты басқарушы ма?

Питер Фостер

Фото: Air Astana

Экономист Арман Батаев Air Astana бас атқарушы директоры Питер Фостердің білікті басшы екенін айтып, компанияны өңірлік азаматтық авиа көшбасшысына айналдырғанын айтты. Алайда мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Питер Фостерді қатаң сынға алды. Ол Фостерді Air Astana мен FlyArystan-ды бейберекеттік пен күйреуге жеткізді деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Экономист Арман Батаев  Питер Фостердің мықты маман екенін айтып, жақтап шықты. Ол депутаттың сынын популистік сипатта жазылған деп атады. 

“Депутаттың Питер Фостерге қатысты айтқан сыны мені қатты таңғалдырды. Меніңше, Питер Фостер – Қазақстандағы азаматтық авиацияның келбетін айқын көрсететін тұлға. Ал депутаттың “Питер Фостер әуе компаниясын күйретіп, тәртіпсіздікке ұрындырды және соңына дейін қызметінде қалуға тырысып отыр” деген мәлімдемесі тым популистік сипатта жазылған. Фостер осы компанияның құрылуына себепкер тұлғалардың бірі. Дәл оның басшылығымен әуе компаниясы стартап деңгейінен шығып, өңірлік азаматтық авиацияның көшбасшысына айналды. Осы орайда компанияны нөлден бастап құрып, халықаралық деңгейге шығарған адам оны қалайша күйретуі мүмкін деген сауал туындайды”, – деп жазды экономист. 

Сондай-ақ экономист Air Astana құрылғанға дейін жұмыс істеген әуе компаниялары апатқа я шығынға ұшырап, салдарынан кейбірі жабылып қалғанын айтты. 

“Нағыз бейберекеттік пен дағдарыс 90-жылдары болған. Мәселен, 1996 жылғы 19 қарашада “Қазақстан әуе жолдары” мен Saudi Arabian Airlines ұшақтары соқтығысып, 349 адам қаза тапқан еді. Осы қайғылы жағдайды еске түсірсек те жеткілікті. Тергеу барысында қазақстандық рейстің ұшқыштары белгіленген биіктіктен төмен түсіп кеткені анықталды. Бұл жеткіліксіз даярлық пен ағылшын тілін нашар меңгерумен байланысты болған. Осы апаттан кейін тасымалдаушының базасында "”Air Kazakhstan” атты жаңа мемлекеттік әуе компаниясы құрылды. Алайда ол 2004 жылы қарыз салдарынан банкротқа ұшырады. Ал кейінгі мысал – Qazaq Air. Бұл мемлекеттік компания шығын салдарынан шетелдік инвесторларға сатылды”, – деп жазды экономист. 

Экономистің сөзінше, Қазақстанға келген туристер Air Astana әуе компаниясын үнемі мақтап отырады. 

“Осы тұрғыда Air Astana айрықша көзге түседі. Компания 2003 жылы-ақ, британдық менеджер Ллойд Пакстонның басшылығымен таза пайдаға шықты. Ал Питер Фостердің шамамен 20 жылға жуық басшылығы кезінде Air Astana стартаптан Орталық Азия мен ТМД-дағы жетекші әуе тасымалдаушысына айналды. Соңғы 14 жыл бойы түрлі марапаттар алып, көшбасшылығын дәлелдеп келеді. Қазақстанға Air Astana рейсімен келген шетелдік жолаушылар, қызмт жоғары деңгейде екенін айтады”, – деп жазды экономист. 

Экономистің пікірінше, компанияны IPO-ға жоғары бағамен шығарған – Питер Фостер. 

“Себебі ол, акционерлердің мүддесін көздеп, компанияның құнын мүмкіндігінше жоғары деңгейде іске асырды. Оның еңбек келісімшартының аяқталуына келсек: былтыр қазан айында ресми түрде Фостердің 2026 жылы наурызда қызметінен кететіні жарияланды. Бұл Батыстағы кез келген ірі, ашық компания үшін қалыпты тәжірибе. Ондай ұйымдарда топ-менеджменттің ауысатыны бірнеше ай, тіпті жарты жыл бұрын хабарланады. Мұндай өтпелі кезең жаңа басшының қызметке дайындалуына, компанияны жан-жақты түсініп алуына қажет”, – деп жазды ол.

Осылай деген экономист “бейберекеттік” туралы сөз қозғау қисынсыз екенін айтты. 

Ал Әбеновтің айтуынша, соттар екі әуе компаниясына қатысты істерде жолаушылардың пайдасына шешім шығара бастаған. Сондай-ақ депутат Фостердің отбасы мүшелеріне, министрлерге және кейбір журналистерге арзан билеттер берілгені туралы жанжалдан кейін Air Astana-ны ашық қорғайтын блогерлер мен БАҚ өкілдері азайғанын айтты. 

“Питер Фостер әуе компанияларын толық бейберекеттік пен күйреуге жеткізді. Тезірек қызметінен кетсе екен. Соңына дейін орнын бермеймін деп отыр. Ал оның билікте отырған әрбір сағаты компанияны кері тартып жатыр”, – деп жазды  депутат.

 

“Күлмеңіз! Біз Африкадағы жабайылар емеспіз”

Айта кетсек, 2024 жылы 23 желтоқсанда депутаттар Air Astana компаниялар тобының президенті Питер Фостерден жауап талап етіп, шу көтерген еді. Олар жиында рейстердің кешігуі және компанияның монополиялық жағдайына байланысты сын айтқан. Сол кезде депутат Абзал Құспан Air Astana мен FlyArystan бір компанияға тиесілі екенін, оның нарықтағы үлесі тым жоғары екенін жеткізді. Депутаттың сөзінше, компанияның монополиялық жағдайы қызмет сапасының төмендеуіне әкеліп отыр.

“Халық Air Astana-ға наразы. Air Astana мен FlyArystan – бір компания. Нарықта олардың үлесі өте жоғары. Монополиялық жағдайдың салдарынан сапалы қызмет ала алмай отырмыз. Ел бойынша тұтынушылардың құқығы бұзылып жатыр: рейстер тоқтатылады, кешіктіріледі, ал компания тарапынан ешқандай жауапкершілік жоқ”, – деді депутат.

Сондай-ақ ол Батыс Қазақстанда SCAT әуе компаниясы мен шетелдік әуе тасымалдаушыларының жұмыс істемейтінін, бұл аймақта Air Astana-ның іс жүзінде жалғыз қалғанын айтты. Ал Питер Фостер "ішкі нарықта монополия жоқ, елде төрт әуе компаниясы бар" деп мәлімдеді.  

Алайда депутаттар бұл жауапқа қанағаттанбады. Депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana-ны қатаң сынға алып, билет бағасының қымбат екенін айтты.

“Air Astana біздің әуе кеңістігіміздің “құдайына” айналды. Билеттер қымбат, ал қашықтық туралы уәждеріңіз – бос әңгіме. Ұшу уақыты жақындағанда билет неге қымбаттайды? Керісінше, арзан болуы керек емес пе? Әлде тезірек сатқыңыз келмей ме? Ал сіздер керісінше істеп отырсыздар. Air Astana мен лоукостерді мұқият тексеру керек”, – деді депутат.

Сондай-ақ ол рейс кешіктірілген жағдайда өтемақы алу рәсімінің тым күрделі екенін және компанияның мемлекеттік тілдегі контентке жеткілікті мән бермейтінін айтты. 

Питер Фостер депутаттардың сынына жымиып қана жауап қатқан. Бұған Жаңбыршин наразылық білдірді.

“Күлмеңіз! Бұл күлкілі нәрсе емес. Бізді адам санамай отырсыз. Біз Африкадағы жабайылар емеспіз. Бұл – Парламент! Біз – халық сайлаған өкілдерміз”, – деді ол.

Оны әріптесі Мұрат Әбенов те қолдап, Air Astana-ның жұмысына тексеріс жүргізуді талап етті.

“Түркістанға билет 60 мың теңге, Қызылордаға 50 мың теңге. Қандай лоукостер бұл? Екі компания болғанымен, бір заңды тұлға. Қазір азаматтардың таңдауы жоқ. Бір бағытта толық қызмет көрсететін Air Astana ұшсын, екінші жағынан арзан лоукостер болсын”, – деді Әбенов.

Депутат Әбенов сол кезде де компанияны тексеру қажет екенін айтқан еді. 

“Көрсеткіштерді қолдан жасатып, басшылықтың туыстарына арзан билет сатқызған”

Бұған дейін Питер Фостердің әйелі Татьянаның күйеуінің қызметтік мүмкіндігін пайдаланып, туыстарына арзан әуе билеттерін алдырғаны туралы мәлімет тарады.

Мұны FlyArystan компаниясындағы ақша жымқыру ісі бойынша сотталған бұрынғы қызметкер Ренат Әбілханов мәлімдеді. Оның айтуынша, жеңілдікпен сатылған билеттер топ-менеджерлердің туыстарына, шенеуніктерге және кейбір журналистерге арнайы тапсырыспен рәсімделген.

Фото: Михаил Козачков

Дәлел ретінде ол Татьяна Фостермен жазысқан хаттардың скриншоттарын жариялап, ең арзан билеттер белгілі бір адамдарға ғана қолжетімді болуы үшін әдейі “дұрыс уақытта” сатылғанын айтты. Соның салдарынан қарапайым жолаушылар билетті ала алмай қалуы мүмкін болған екен. 

Бұл жайт 2024 жылдың соңында Air Astana кассасынан бір миллиард теңгеден астам қаржы жетіспеушілігі анықталған қылмыстық істің аясында белгілі болды. Тергеу барысында FlyArystan компаниясының үш қызметкері қамауға алынып, іс сотқа жеткен. 

Алмалы аудандық соты Дәуір Еркенұлы, Еркін Исанов және Ренат Әбілхановты қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлімі, 2-тармағы ("Аса ірі көлемде ұрлық жасау") және 218-бабының 3-бөлімі, 3-тармағы "Ақша қаражатын заңдастыру" бойынша кінәлі деп таныды.

Жаза сомалау нәтижесінде Еркін Исановқа 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру, қылмыс жолымен алынған мүлікті тәркілеу және бес жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басқарушылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру түрінде жазба тағайындалды. Ренат Әбілхановқа да дәл осындай жаза 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру, қылмыс жолымен алынған мүлікті тәркілеу және бес жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басқарушылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру түрінде жаза берілді.

Дәуір Еркенұлы 9 жыл бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді және бес жыл бойы коммерциялық құрылымдарда жетекші қызмет атқаруға тыйым салынады.

Жақында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев “лауазымды пайдаланып билетті жеңілдікпен алу” мәселесіне қатысты тексеріс басталғанын мәлімдеген еді. 

Бұған дейін FlyArystan компаниясының бұрынғы топ-менеджері Ренат Абулхановтың қорғау тарапы Air Astana әуе компаниясының әуе билеттерін жеңілдікпен басшылықтың туыстарына рәсімделіп, сатылғанын мәлімдеген болатын. Қорғаушы тараптың нұсқасы бойынша, жеңілдікпен билет алғандардың қатарында Air Astana басшысы Питер Фостердің жұбайы да болған.

Адвокаттардың айтуынша, билеттер басшылықтың тікелей нұсқауымен рәсімделген. Алайда Татьяна Фостер куә деп танылмаған еді.

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 06 Ақпан, 2026 18:41