Денсаулық министрлігі әйелдердің жұмыс күнін қысқарту ұсынысына пікір білдірді
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде «халық коммунистерінің» әйелдердің жұмыс күнін екі есеге қысқарту туралы ұсынысына пікір білдірілді.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
«Әрине, заңнамада мұндай ережелер жоқ және өзгерістер енгізу әзірге қарастырылмаған. Себебі, Еңбек кодексінде әйелдерге және ерлерге қатысты ешбір кемсітушілік жоқ. Барлығы тең дәрежеде. Әрине, біз мұндай ұсыныстарды қарастыруға әрдайым дайынбыз. Бірақ өзгерістерді енгізетінімізге уәде етпейміз. Егер бұл ұсыныс заң шеңберінде болса, барлығына талдау жүргізетін боламыз», – деп атап өтті министрліктің еңбек және әлеуметтік серікстестік департаментінің директоры Мәдина Наурызбек.
Бұл ретте, ол қысқартылған жұмыс күні қарастырылған мамандықтардың тізімі туралы министрдің бұйрығы барын айтып өтті. Бірақ олар жыныстық ерекшеліктер бойынша бөлінбеген.
Еске салайық, мұндай ұсынысты Қазақстан коммунистік халық партиясының Астана қалалық комитетінің бірінші хатшысы Марат Әубәкіров жасаған болатын. Ол әйелдер көбіне медицина, білім беру салаларында еңбек ететінін атап өтті. Бірақ оның пікірінше, бұл жүйелерде жалақы төмен.
«Сондықтан, әйелдер ақша табу үшін көбірек жұмыс істеуге мәжбүр. Оларда балалардың, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне уақыт қалмайды. Кейбір бастамашылар әйелдер түстен кейін балалар тәрбиесімен айналысу үшін, оларға түске дейінгі жұмыс күнін ұсыну туралы айтуда. Мүмкін оны қарастыруға болатын шығар», – деді ол.
Жіберіп алмаңыз:
Петропавлда еркек әйеліне тон сыйлау үшін дүкен тонаған
Нигерияның бай балалары тапаншадан ақша атып жатыр (фото)
Ресейлік тележүргізуші тікелей эфирде адам өлтіргенін айтып қалды (видео)
Универсиадаға билет сатып алуға Байбектің ақшасы жетпей қалды