Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі 150 миллиард теңгеге вакцина сатып алып, жемқорлық жасады деп айыпталды

Коллаж: Stan.kz

Қоғам белсендісі Дидар Смағұлов Денсаулық сақтау министрлігінің француз фармацевтикалық компаниясы Sanofi-ден жасушасыз вакциналар сатып алғанын айтып, жемқорлық жасады деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Белсенді Дидар Смағұловтың айтуынша, Қазақстан 2013 жылдан бері халықаралық ұйымдардың ескертуіне және сапасының күмән тудыратынына қарамастан Гексаксим, Пентаксим және Адасель вакциналарын 149,5 миллиард теңгеге сатып алған.

“Бұл лоббизм мен жемқорлық схемаларының белгісі болуы мүмкін. 2012 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасушасыз вакциналарды алмауды ұсынған еді. Себебі олардың тиімділігі төмен және алты ай сайын қайта егуді қажет етеді. Алайда, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі бұл ескертулерді елемеген.  Министрлік көпжылдық және қымбат сатып алуларды жалғастыра берген”, –дейді қоғам белсендісі.

Смағұловтың сөзінше, жемқорлық схемасына деген күмәнді күшейтуге АҚШ-тың “Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясының” 2018 жылғы хабарламасы себеп болды.

“Хабарламада Sanofi компаниясының мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жеңіп алу үшін қазақстандық шенеуніктерге пара бергені анықталды. Анықталған бұзушылықтарға қарамастан, қазақстандық шенеуніктер жауапкершілікке тартылмай, тіпті кейбіреінің лауазымы жоғарылаған. Сонымен қатар, Sanofi 25 миллион доллардан астам айыппұл төлеген. Бірақ Қазақстанмен ынтымақтастығын және вакцина жеткізуді жалғастыра берген”, – дейді қоғам белсендісі. 

Вице-министрмен қақтығыс

Дидар Смағұлов Мәжілістің тиісті комитетінің отырысында Sanofi компаниясының лоббилік әрекеттері туралы мәселені көтергенін хабарлады. Смағұлов жазбалар жарияланғанға дейін бір ай бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен кездескенін айтты. Алайда Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Sanofi өкілдері сатып алу комиссияларына қатыспағанын жеткізген.

“Вице-министр маған мысқылдау жауап берді. “Неге араласып жүрсіз, сіз сарапшы емессіз ғой” дегендей сыңай танытты. Ал менің мақсатым “неге Sanofi, қандай зерттеу жүргізілді?” деген сұраққа жауап алу еді”, – деді ол.

Сондай-ақ белсенді вице-министрден Қазақстанның не себепті бір вакцинаны тастап, екіншісіне көшкенін растайтын ресми зерттеулер мен дәлелдерді ұсынуды сұраған.

“Министр өз жауабында бұл кездейсоқ таңдау емес, бізде зерттеулер болды дейді. Қайда сол зерттеулер? Жай ғана көрсетсе болды ғой. Егер бар екенін көрсете алса, өзім: “Кешіріңіздер, иә, зерттеулер болған екен” деп айтар едім", – деді қоғам белсендісі.

Смағұловтың сөзінше, қазіргі қолданылып жатқан вакцинаның бірнеше кемшілігі бар:

көбірек дозаны қажет етеді;

тиімділігі төмен – иммунитеттің әсер ету уақыты қысқа;

вакцина инфекцияның таралуына ықпал етпейді.

Сондай-ақ белсенді отырыс хаттамасында Sanofi компаниясының мемлекеттік сатып алуларға қатысқаны анық көрсетілгенін жеткізді. 

Фото: Facebook Дидар Смағұлов

Реттеуші органдарға және АҚШ елшілігіне өтініш

Осыдан кейін Смағұлов Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне вице-министрдің жауабына қатысы тергеу жүргізді талап етіп, өтініш берген.

Сонымен қатар, белсенді АҚШ елшілігі арқылы “Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясынан” тендерлерге қатысу кезінде Sanofi-ден пара алды делінген шенеуніктер туралы ақпарат сұраған. 

Қазір қоғам белсендісі реттеуші органдар мен АҚШ елшілігінен жауап күтіп отыр екен. 

Қоғам белсендісі неге бұл мәселені көтерді? 

Дидар Смағұлов неліктен бұл мәселені көтергенін түсіндірді. Ол 2 жыл бұрын "Әділдік жолы" қоғамдық ұйымы жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеу барысында (ол кезде ұйымды өзі басқарған) Sanofi компаниясынан "СК-Фармация" арқылы вакцина сатып алу фактісін көргенін айтты. 

Оның айтуынша, вакциналардың бағасы кенеттен себепсіз екі есеге жуық өскен. Баға 8 мың теңгеден 13–14 мың теңгеге дейін жеткен. Бағаның қымбаттағанына қарамастан, сатып алулар жалғаса берген. Бұл оған қисынсыз көрінген.

Осыдан кейін ол Антикорға ресми сұрау жолдаған.

“Түрлі тексерулер басталды. Ақырында “СК-Фармация” басшысы қызметінен босатылды. Бірақ сатып алу тоқтаған жоқ, жалғаса берді”, – дейді ол.

Смағұлов биыл тамызда баласын екпе салдыруға апарған. Сол жерде балаға көкжөтелге қарсы жасушасыз вакцина (Sanofi) егілген.

Дәрігерлер бұл вакцинация бағдарламасына сәйкес жүргізіліп жатқанын айтқан. Алайда ол бұл іске күмәнмен қараған. Осыдан кейін ол мәселені қайтадан зерттей бастапты. 

Министр бұл шағымға не дейді?

Ал бұл жағдайға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді. Министр бұл вакцина Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес қолданылатынын айтты. 

“Көкжөтелге қарсы вакциналарды таңдау жөнінде әлеуметтік желіде тараған резонансты жарияланымға қатысты өз ұстанымымды айтқым келеді. Қазақстанда Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес қолданылатын вакциналар тізімі жан-жақты ойластырылған, ғылыми тұрғыдан негізделген және заңмен қатаң реттелген. 2013 жылдан бері елімізде көкжөтелге қарсы жасушасыз вакцина пайдаланылады. Бұл кездейсоқтық немесе жекелеген мамандардың таңдауы емес. Мұндай шешім препараттың қауіпсіздігіне қойылатын жоғары талаптардың негізінде қабылданды. Бұл ғылыми зерттеулермен расталған”, – деп жазды министр. 

Сондай-ақ ол жасушасыз вакциналар әлемнің 30-дан астам дамыған елінде қолданылатынын жеткізді. 

“Жасушасыз вакциналар Австрия, Дания, Германия, Италия, АҚШ, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея және өзге елдерде қолданылады. Ал Орталық Азияда дәл осы вакцинаны қолдана бастаған алғашқы ел – Қазақстан. Балалар үшін ең қауіпсіз вакцина осы болғандықтан, бағасының қымбат екеніне қарамай, осыны таңдадық. Қазір Қазақстанда 7 жасқа дейінгі балаларға жасушасыз вакциналармен 21 миллионнан астам екпе егілді. Осы уақыт ішінде бұл препараттарға қатысты бірде-бір ауыр жағымсыз реакция тіркелген жоқ”, – деді Әлназарова. 

Сондай-ақ ол вакциналардың неліктен қымбат бағаға сатып алынғанын түсіндірді. 

“Navlin халықаралық платформасының деректеріне сәйкес (бағалар Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия, Өзбекстан елдерімен салыстырылды), вакциналар дәл Қазақстанда ғана ең төменгі бағада сатылады”, – дейді ол. 

Әлназарова жарияланған айыптаулардың салдарынан қоғамда түсінбеушілік туып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл жарияланым министрліктің іскерлік беделіне нұқсан келтірді. 

“Бұл жазба министрліктің іскерлік беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесіне және вакцинация идеологиясына деген азаматтардың сенімін соққы жасады. Белгіленген мерзімде ресми түрде теріске шығару жарияланбаса, Министрлік сотқа жүгінуге құқылы. Біздің басымдық азаматтардың денсаулығы, ашық әрі адал жұмыс. Әрдайым дәлелді медицинаға және халықаралық стандарттарға сүйенеміз. Бұл мәселеде манипуляцияға да, фактілерді бұрмалауға да жол бермейміз”, – деді ведомство басшысы.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 27 Қараша, 2025 16:53
Талқылау