"Денсаулығына көңіл бөлуді жөн көрген секілді": Шымкент әкімдігі Берденовтің қызметінен кетуі мүмкін екенін айтты
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Шымкент әкімінің тағы бір орынбасары Сәрсен Құранбек Руслан Берденовтің қызметінен кетуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сәрсен Құранбектің айтуынша, Берденов еңбекке жарамсыздық парағын ашып, ем қабылдап жүр.
"Біздің мәліметтерге сенсек, Руслан Берденов акиматтағы жұмысын аяқтауды ұйғарған болуы мүмкін. Ондай жағдайда ол тиісті өтініш жаза алады. Бұл әркімнің таңдауы әрі өз еркі. Әрине, ол денсаулығына көбірек көңіл бөлуді жөн көрген секілді. Дегенмен ресми түрде оны қызметінен босату туралы бұйрық шықпайынша, біз оны қала әкімінің орынбасары деп есептейміз", – деді Құранбек өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Сәрсен Құранбектың айтуынша, еңбекке жарамсыздық парағы бар азамат үш айға дейін ауруханада бола алады. Кейін дәрігерлер парақты тағы үш айға соза алады. Тек алты ай мерзім өткеннен кейін ғана қызметкерге қатысты шара қолданылуы мүмкін.
"Әзірге Бөрденов бұл мерзімнен асқан жоқ. Барлығы заң аясында жүріп жатыр", – деп қосты әкім орынбасары.
Құранбек атап өткендей, Берденовті қызметінен босату туралы бұйрық әлі шықпаған.
Шымкент әкімдігіндегі ауыс-түйіс: Қала әкімінің жаңа орынбасарлары тағайындалды
Руслан Берденовке шабуыл жасаған Ернар Жиембай 9 жылға сотталды
Еске салайық, 21 сәуір күні Руслан Берденовке Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында оқ атылып, ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді. Бұл іс бойынша айыпталушы қалалық құрылыс басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің бұрынғы директоры Ернар Жиембай. Жәбірленуші Руслан Берденов сот отырысына онлайн режимде қатысқан. 18 тамызда прокурор Ернар Жиембайға 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Алайда айыпталушының қорғаушысы тағылған айыппен келіспей, оның әрекетін "кісі өлтіруге оқталу" емес, "қасақана ауыр зиян келтіру" деп бағалау керек екенін айтқан.

Қазақстандық белсенді уақыт белдеуін қайтару үшін партия құрмақ: Ол зерттеу жүргізіп, қазіргі уақыттың халыққа зиян тигізіп жатқанын анықтады
