Денис Теннің өліміне қатысты үшінші күдікті тұтқындалды
Әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты істі тергеу аясында үшінші күдікті ұсталды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді.
Оның мәліметінше, бүгінде ҚР ҚК-ның «Топпен қасақана адам өлтіру» және «Қарақшылық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап Stan.kz.
«Аталған қылмысты жасады деген күдікпен үш адам қамауға алынды. Үшінші адам қылмыс туралы хабар бермегені үшін қамауға алынды. Жиналған айғақтар жеткілікті, прокурор заңдылықты тексеріп жатыр, сот қамуға алу түрінде бұлтартпау шарасын санкциялады», – дейді Ахметжанов бүгін өткен брифингте.
Өз сөзінде ол Қазақстанның Бас прокуроры аталған істі өз бақылауына алғанын, өндірістік прокурор тағайындалғанын айтты.
Ахметжанов тергеу құпиясына байланысты, үшінші күдікті туралы мәлімет беруден бас тартты.
«Күдікті қылмыс туралы білген. Алайда хабарламаған. Тергеу барысы туралы ішкі істер органдары мәлімет беретін болады», – дейді Бас прокурордың орынбасары.
Айта кетейік, 19 шілде күні Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітов көшелерінің қиылысында көлік айнасын ұрламақ болған екі азамат Денис Тенге шабуыл жасады. Кикілжің нәтижесінде күдіктілер спортшының аяғына пышақ сұғып алған. Нәтижесінде Денис Тен көп қан жоғалтып, аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұған дейін министрдің орынбасары қолға түскен азаматтардың шынайы қылмыскерлер екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ, ІІМ өкілі Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірі Арман Құдайбергеновтің бұған дейін жасаған қылмысы үшін не себепті тұтқындалмағанынтүсіндірді.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.