"Денесін құрт жеп қойған": Шымкентте мәйіті қоқыстан табылған келіншекті жақындары ақтық сапарға шығарып салды
Коллаж: Stan.kz
Шымкентте мәйіті қоқыстан табылған Диана Оңғарбаеваны жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Тұңғышын жер қойнына тапсырған анасы көргенде өз перзентін танымай қалған. Бул туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көзі, құлағы мен мұрнынан құрт шығып жатқан келіншек он күн бойы сол пакетке оралған күйде көшеде жатыпты. Іздеуде болған оны полицейлер емес көше тазалаушылар тапқан.
Фото: Stan.kz/Марқұмның әпкесі Әлия Ақбарова
"Қызды екі жерінен кеңірдегінен кескен. Машина сүртетін тряпкамен тығып тастаған кеңірдегіне. Ол аз болса 24 жерінен пышақтаған. Өлтіріп жатқызып қойып, ойыншық ұқсатып пышақты тығып отырған. Оны азаптап, өлтіріп, зорлап, пакетке салып, оның сыртынан скотчтап орап, байқұс оныншы күн дегенде табылып тұр. Құрт жеп қойған", – дейді марқұмның әпкесі Әлия Ақбарова.
Он күннен бері із-түзсіз кеткен қыздарын келер деп күткен Оңғарбаевтар отбасы қазір ес жия алар емес. 31-шілде күні Диананың денесі қоқыс маңынан табылды дегенді естіген жақындары мәйітханаға барған. Анасы тұңғышын бірден тани алмай бірнеше қайтара кіріп қараған.
"Қызымды таныған жоқпын. Құлағы, мұрны, көзінен түгелдей құрттар кіріп- шығып жатты. Қанға боялған денесін көрсең шыдап тұру мүмкін емес. Өзі сондай адамға сенгіш, жүрегі таза қыз болатын. Соңғы рет жоғаларынан бір күн бұрын хабарластым. Кейін байланыс аясынан тыс жерде болды. Сөйтіп, күйеу бала екеуміз іздеуге кірістік", – дейді марқұмның анасы.
Сөйтсе, келіншек 21-шілде күні телеграм әлеуметтік желісінен үй тазалауға тапсырыс алып кеткен екен. Осылай деген жақындары оны шақырған қаскөйдің бәріне алдын-ала дайындалғанын айтады.
Фото: Stan.kz/Марқұмның сіңлісі Айдана Оңғарбаева
"Үй жинауға тазалықшы керек деп шақырған. Күндік жұмыс. Бұл қыз сол адреске барған. Сөйтсе ол бала оны алдын ала жоспарлаған болып тұр ғой. Жігіт айтқан екен. Үйді тазалап болғаннан кейін ақшаны мамам салады. Мамамды күтіп отырмын деп қызды жібермей ұстап отырған екен. Әпкем Диана мамасына өзінің телефонымен хабарласқан кезде жігіт пышақтап үлгерген", – дейді марқұмның сіңлісі Айдана Оңғарбаева.
Қара жамылған отбасының жанын жегідей жеп бара жатқан тағы бір жағдай. Ол құзырлы орган өкілдерінің дер кезінде іздеуге кіріспегені. Сөздерінше, полицейлерге арыз бергенімен оны, жауаптылар бірден тіркемеген. Оны арада бір апта өткенде хабарлады дейді.
"Дүйсенбі күні полицияға бардым. 21-нен 28-не дейін ешқандай нәтиже жоқ қой дедім. Не қыз бар, не жоқ екенін айтпайсыңдар ма деп шу шығардық. Сонда ол кісілер не істеп жүрді? Айтқан жауаптары "күйеу балаңыз арыз жазған жоқ" дейді. Арыз жазып алып қалмаған. Іздеуге де кіріспеген. Дүйсенбі күні жаздым. Болғасын олар өзіме " Уайымдамаңыз! Екі күнде тауып береміз" деді. Ол қыз тірі деді. Қайда тірі қыз?", – дейді марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева.
Фото: Stan.kz/Марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева
Туыстары күдіктіні де полицияға өздері тауып бергенін айтады. Ол Диана жинауға барған үйді жөндеп жүрген жұмысшы екен. Марқұмды телеграм арқылы жұмысқа шақырған да сол кәмелет жасына толмаған күдікті дейді. Қазір ол адам өлтіру бабымен жауапқа тартылып, қамауға алынған.
"Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғынын өлтіру жайты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілуде", – дейді Шымкент қаласы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Мырзагелдиев.
Азаппен ажал құшқан Диананың жақындары болса бұл істе тағы үш адамның қатысы барына сенімді. Өйткені марқұмның ұялы телефонын сатуға қазір қамауда жатқан күдіктімен қоса тағы екі адам барыпты. Айта кетейік, марқұмның артында 2 және 4 жастағы қыздары мен күйеуі қалды. Ерлі-зайыпты нәпақа табу үшін қалаға келген екен.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
