Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денесі қарайып, талып қалды": Жанат Бақыт өзі оқытқан шәкіртінің өмірін құтқарып қалғанын айтты

Белгілі экс-журналист Жанат Бақыт Жанар Байсемізге берген сұхбатында қыз-келіншектерге ілім үйретемін деп, тылсым дүниеге тап болғанын айтты. Ол адамдардың түпсанасымен сөйлесіп, шәкіртін аман алып қалғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Жанат Бақыттың айтуынша, ол терапия кезінде адамдардың түпсанасымен сөйлеседі. Бұл ілімді ол Ресейден қымбатқа оқып, қазақстандық қыз-келіншектерге үйретпек болған.

“Менің практикамда алдыма келген адамдардың бәрі дельта күйге түсіп кете береді. Дельта күй дегеніміз – адамның миы толықтай өшіп қалады да, түпсана сөйлейді. Мысалы, алдыма қыз бала келді. Ол өткен өмірін, қалай қайтыс болғанын, жоғарғы әлемде кім күтіп алғанын, ол жақтағы мектептерде не барын, ғалам кітапханасы барын айтып берді. Бұл оқу маған қымбатқа түсті. Қателеспесем, бағасы 500-600 мың шамасында болды. Мұны онлайн түрде Ресейден оқиды. “Неге бұл ілімді Қазақстанға алып келмеске?” деп ойладым. Біріншіден, оқу ақысы тым қымбат, екіншіден, оқу орыс тілінде. Қазақ тілінде жеткізетін ешкім жоқ. Сондықтан өзім сияқты ізденіп жүрген қыз-келіншектер көп шығар деген оймен, офлайн оқытатын болып шештім. Бірінші күні әлеуметтік желіге жазып едім, бірден 10 адам жазылды. Оқу бағасын 150 мың теңге деп қойдым. Оның ішінде мемлекеттің рұқсаты, сертификаты бар”, – дейді Жанат Бақыт.

Экс-журналист шетелден алған ілімді басқаларға оқытамын деп жүргенде тылсым дүниенің куәсі болғанын айтады.

“Негізі пенденің ойлағаны басқа, жоғарғы әлемнің жоспары басқа. Барлығы мен ойлағандай болмады. Маған келген қыз-келіншектер ерекше болды. Үш өлшемді материалдық әлемде өмір сүргендіктен олар “Қашан күйеуге шығамын?”, “Қашан балам болады?”, “Қашан үй аламын?”, “Қашан көлік аламын?” деген сұрақтармен келді. Оларға терапия жасаймын, олар ұйықтап қалады. Сөйтіп түпсанасында басқа адам сөйлейді. “Жанат, сенің жұмысың басқа. Халық алдында атқаратын қызметің үлкен. Мына келген қыздардың тең жартысы халықпен жұмыс істеуі керек. Құдайдың алдында берген уәделері, миссиялары сол” деді. Өзінің кім екенін сұрадым. Айтуынша, әр адамның қасында олардың қорғайтын ұстаз періштелері болады. Рухтар әлемінде олар біздің ұстазымыз, достарымыз. Құдай адамдарды жалғыз жібермейді. Осы туралы айтқанымда адамдар періштелерді жын-шайтанға айналдырып, Құранда айтылған дүниеге өздері қарсы келді”, – дейді ол.

Оқу процесі аяқталған соң терапиядан өткен қыздардың бірінің денесі көгеріп, есінен танып қалған. Жанат Бақыт ол қыздың “періштесімен” келісімге келіп, қыздың жанын алып қалғанын айтты. 

“Оқудың уақыты біткен соң сол қыздар менен “Не істейміз?” деп сұрады. Мен бұл сұраққа жауап бере алмайтынымды айтып, оларды өздерінің осы уақытқа дейін жұмыс істеген орындарына жібердім. Арасында сұлулық салонында жұмыс істейді екен. Сөйтіп екі күннен кейін бір қыздың әпкесі хабарласып, қыздың денесі қарайып, талып қалғанын айтты. “Маған алып кел” дедім. Қарасам, денесінің бәрі көгеріп кеткен. Сол кезде біздің 7 қуат көзіміз бар екенін білдім. Жоғарғы әлемнен жетінші қуат көзі арқылы энергия жүреді екен. Энергия тоқтаған кезде адамның жүрегінің соғысы да тоқтайтынын түсіндім. Сөйтіп қызды жатқыздым. Сонда қасындағы “тәлімгері” қыз арқылы сөйледі. “Сендер неге айтқанды түсінбейсіңдер? Уақыт тығыз. Жер жаңа дәуірге өтіп жатыр. Жұмыстарың бар, халықты жетелеулерің керек. Неге бұл қыз бұрынғы жұмысына барады? Ол сенің қасыңда жүруі керек. Егер бұдан бас тартатын болсаңдар, бұл қыздың жерге керегі жоқ. Қыз екі әлемде көпір боламын деп келді” деді дауыс. Сол жерде уәде беріп едік, Құдайдың құдіретімен қыздың бойына жарық еніп, көзін ашты. Не істерімді білмедім, бірден үйімнің кілтін бердім, “аман болғаның керек” деп үйімде қалдырдым”, – дейді Жанат Бақыт.

Айтуынша, осылайша осындай тылсымдар көбейе берген.

Бұған дейін Жанат Бақыт өзін жынданып кетті дегендерге жауап берген еді. 

Талқылау