"Денемнің бәрі жара": Жамбыл облысында балаларды құлдықта ұстап, мал баққызған (видео)
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде Жамбыл облысында құлдыққа түсіп, мал бағып жүрген балалардың видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған видеода екі бала бес жылдан бері қорлық көріп келе жатқанын айтты. Олар қазақстандықтардан көмек сұрады.
“Телефонымды алып қойды, мал бағып жүрміз. Әр өткен көліктен сағат сұраймыз. Денемнің бәрі жара. Жатсам да, тұрсам да туған әкемнің қолына барсам деп тілеймін. Анам сөйлегісі келеді, бірақ өзі қорқады”, – дейді мал бағып жүрген балалардың бірі.
Сондай-ақ видеода балалардың денесінің көгергенін, жара қаптағанын көруге болады.
“Бізге көмектесіңіздерші, алып кетіңіздерші, өтінемін. Бізге қой жайғызады. Қой азайып қалса бізден көреді. Сол қой үшін біз таяқ жейміз”, – деді бала.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жағдай Талас ауданындағы Қаратау қаласының маңында болған.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева балалардың қазір тұрып жатқан жері анықталғанын мәлімдеді.
“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қоғалды. Аймақтық уәкіл Даурен Бақжанов барлық мән-жайды анықтау үшін балаларға бара жатыр”, – деді балалар омбудсмені.
Жамбыл облысы полиция департаменті аталаған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Екі жасөспірім 7 тамызда Алматыдағы туысының үйінен табылған.
“Кәмелетке толмаған балалар тергеу әрекеттерін жүргізу үшін, сондай-ақ психологиялық және заң тұрғысынан көмек алу үшін Тараздағы Балаларды қорғау орталығына жеткізілді. Бұған дейін медициналық тексеру жүргізілді. Балалар құқығы жөніндегі уәкілдің қатысуымен комиссия құрылып, ол Талас ауданында жұмыс істеп жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.
Фото: Жамбыл облысы полиция департменті
Полиция болған жағдайға қатысы бар кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады деп уәде берді.

Соңғы бес жылда 1,5 миллиардқа жуық теңгеге 47 мультфильм түсіріліп, тек төртеуі экранға шыққан
