Дастан Сәтпаев өзбектің Абдукодир Хусановынан мықты - Әли Әлиев
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев баспасөз мәжілісінде "Қайрат" клубының 16 жастағы түлегі Дастан Сәтпаев туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
"Меніңше, Дастан өзбекстандық Абдукодир Хусановтан мықтырақ. Егер футболға деген қарым-қатынасы дұрыс болса, оның болашағы алда. Дастанның генетикасы қандай екенін көрсеңіздер болады. Ол нағыз атлет. Еуропалық стандарт бойынша даму мүмкіндігі берілсе, қолынан бәрі келеді. Бүгінгі таңда "Реал Мадридте" Арда Гюлер мен бразилиялық Эндрик бар. Дастан қазақстандық болған соң, ешкім көп назар аудара қойған жоқ. Дегенмен, Сатпаев халықаралық аренада өзін дәлелдеуге мүмкіндігі жеткілікті", - дейді Әли Әлиев.
Жақында БАҚ беттерінде Дастанды лондондық "Челси" өз қатарына қосады деген ақпараттар тараған еді. Жаңалықта ағылшындық клуб футболшының 18 жасқа толғанын күтіп жүргенін айтқан болатын.
Айта кетейік, өзбекстандық қорғаушы Абдукодир Хусанов жақында 50 млн еуроға Англияның "Манчестер Сити" клубына ауысқан еді. Ал, инсайдер Фабрицио Романоның жазуынша, Дастан Сәтпаев "Челсимен" келісімге келген. Трансфер құны – 4,5 миллион еуро. Бірақ ол кәмелеттік жасқа толғанша Алматының "Қайратында" өнер көрсететін болады.