Дастан Оразбеков қыздардан құралған жаңа топты таныстырды
«Орда» тобының әншісі Дастан Оразбеков енді өзі де продюсерлік жасауға көшті. Ол жаңадан құрылған «Turkiss» атты қыздар тобын таныстырды.
Бұл туралы Baistars.kz хабарлайды.
Дастан Оразбеков қыздардан құралған топ құрғысы келетінін айтып, өткен жылдың сәуір айында кастинг те жариялаған еді. Әнші қазақстандық эстрадада ерекшеленіп тұратын топ құрмақ ниетте болған. Кастинге қатысқан 500-ге жуық қыздың ішінен Далида, Анели және Жанар есімді қыздар таңдап алынып, топқа «Turkiss» деген атау берілді.
Қыздарды эстрадаға дайындауға азды-көпті 10 ай жұмсалған. Дастан Оразбековтың пікірінше, топтың әуені басқа топтардан өзгеше, ешқайсына ұқсамайды. Жоба Қазақстанда ғана емес, Әзербайжанда да өнер көрсететін болады. Жаңа ұжымның әзербайжандық продюсері — Иса Меликов бір кездері қарапайым әншілер Эльдар Гасымов пен Нигяр Джамальды «Евровидение» жеңімпазы деңгейіне дейін жеткізген атақты продюсер.
«Turkiss» тобының мүшелері кішкентайынан бимен, әнмен айналысқан қыздар. Дастан Оразбековке бұл сала әзірге таңсық, себебі әнші бұған дейін тек жігіттерден құралған топтармен жұмыс істеп келгені бәріне мәлім.
«Мен үшін қыздармен жұмыс істеу өмірімдегі ең қиын кезең болатын шығар. Олардың көзінен қорқынышты немесе істей алар ма екенбіз деген күмәнді көргенде, өзім де қатты қапаланамын», — дейді продюсер.
Бүгінде «Turkiss» тобы ән жазып қана қоймай, оған Киевте бейнебаян түсіріп үлгерген. Қазір монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр, көп ұзамай топтың тұңғыш туындысын көруге мүмкіндік туады.