Дәрігерлерге шабуыл жасағандар 12 жылға дейін сотталады: Қазақстанда заң қабылданды
Фото: istockphoto.com
Сенат депутаттары дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне жасалған шабуылдарға берілетін жазаны қатаңдатып, 12 жылға дейін соттауды көздейтін қылмыстық кодекске түзетуді екінші оқылымда мақұлдады. Енді заңға Президент қол қоюы қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа 380-3-бапта адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін жағдай және қауіпті күш қолдану ажыратып көрсетілген. Әрбір жағдайға жеке жауапкершілік белгіленген.
Егер медициналық қызметкерлерге немесе жедел жәрдем жүргізушілеріне қызметтік міндетін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолданылса немесе қауіп төндірілсе, қарастырылатын жазалар:
- Айыппұл;
- Түзету жұмыстары;
- 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе қамау.
Егер топпен шабуыл жасау, қайталау, екі және одан көп адамға шабуыл, төтенше жағдай кезінде, жаппай тәртіпсіздік немесе терроризмге қарсы операция кезінде шабуыл жасаса 3-тен 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге қамау қарастырылады.
Егер шабуыл дәрігердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, 5-тен 10 жылға дейін қамауды, ауыр жағдайларда 7-ден 12 жылға дейін түрмеге қамауды көздейді.
Бастапқы нұсқада кейбір жазалар бұдан қатаң болған болатын.
Сенатор Айнұр Арғынбекованың айтуынша, мұндай істер бойынша тергеу мен алдын ала тексеруді ішкі істер органдары жүргізетін болады.
Сондай-ақ, депутат халықаралық тәжірибеге тоқталды.
"Ұлыбритания мен АҚШ сияқты кейбір мемлекеттерде медициналық қызметкерлерге жасалған шабуылдарға жауапкершілік елеулі түрде қатаңдатылған және бұл денсаулық сақтау жүйесі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып саналады", - деді депутат.
Сенатор бұл заң дәрігерлерді қорғауды қоғамға түсіндіру үшін қабылданғанын айтады.
"Заң адамдардың өмірін күн сайын құтқаратындарды ұрып-соғуға, шабуыл жасауға келген жағдайда болмайтынын қоғамға айқын көрсету үшін қабылданды", - деп түсіндірді Арғынбекова.
Әуежайда әйелдің өмірін сақтап қалған Мұса Әбдірайым – “Жыл адамы 2025” атанды