Зәріңді төкпе, бізде ауысым болып жатыр деді: Шымкент тұрғыны сәбиінің өліміне дәрігерлерді кіналайды
Ақ халаттылардың салғырттығынан жаңа туған сәби көз жұмды. Қайғыдан қан жұтқан Любовь Ткачова осылай деп арнамызға арызданды.
Айтуынша, ай-күні жетіп, перзентханаға келген жас анаға дәрігерлер дұрыс қарамапты. Соның салдарынан, құрсақтағы нәрестемнен айрылдым,-дейді ашынып. Дегенмен, дәрігерлер бұл айыптауларды жоққа шығарып, баланың денсаулығында кінәріт болғанын айтып ақталуда, деп хабарлайды tvk арнасы.
«Үйде кішкентай бала болады деп үміттеніп жүргенбіз. Ал олар біз баланың неден өлгенін білмейміз дейді», – деді келіншек.
Көз жасы көл болған Людмила Абдурахманова немересінің өліміне дәрігерлердің тікелей қатысы бар дейді. Себебі, қызының жүктілігі қалыпты жағдайда өткен. Медициналық тексеріс кезінде құрсақтағы сәбиінің денсаулығында ешқандай кінәрат байқалмапты. Ал, Любовь Ткачеваның өзі болса, 23 қазан күні перзентханаға ай-күні жетіп түскенін айтады.
«Ешкім қарамады. Акушер келіп- кетіп жүрді. Сосын тамырдың соғуы 80-ге дейін түсіп кетті. Сөйтіп, акушер бөлім меңгерушісін шақыруға кетіп қалды. Ол келгесін ота жасау керек, келісесің бе,- деп сұрады. Мен келісетінімді айттым. Бірақ, ол кезде тым кеш болатын. Наркоздан кейін есімді жиып, баламның неге өлгенін сұрадым. Ал, дәрегер болса, білмеймін кіндігін кескеннен кейін осылай болды дейді»”, – дейді Любовь Ткачева.
Дәрегерлердің жұмысына салғырт қарағанын Маргарита Тищенкода растап отыр. Себебі, Любовь Ткачеваның толғағы қысқанда ол қасында болыпты. Айтуынша, ақ халаттылар уақытты созып, жағдайды ушықтырып алған.
«Бізге келіп айтты. Қазір күшенбе, бізде ауысым болады деп. Ол кезде таңғы сағат он болатын. Осы уақыт аралығында Люба қатты қиналып жатты», – Шымкент қаласының тұрғыны Маргарита Тищенко.
Дегенмен, №1 облыстық перинаталдық орталық қызметкерлері мұның барлығын жоққа шығарып отыр. Айтуыларынша, баланың денсаулығында кінәрат болған. Оны растайтын арнайы құрылған комиссияның шешімі бар екен. Сонымен қатар, жүктілік кезіндеде қиындықтар туындапты.
«Біз қызметтік тексеріс жүргіздік. Біздің қызметкерлер тарапынан ешқандай қателік кетпеген. Себебі, босанудың алдында тұрған әйелді қараусыз қалдыра алмаймыз. Оны дәлелдейтін акушердің, дәрігердің арнайы қағаздары болады. Сонымен қатар осы жағдайға қатысты облыстық денсаулық басқармасы тарапынан комиссия құрылып, барлық құжаттарды тексеріп шықты», – дейді №1 Облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дильбар Азимова.
Ойда жоқта тұңғышынан көз жазып қалған Любовь Ткачева болса, бұл істі соңына дейін жеткіземін деп бекініп отыр. Ол үшін қазір тиісті орындарға арыз жазыпты.
Тағы да оқыңыз:
Қазақстандық жүргізушілерге қандай жағдайда куәліксіз көлікпен жүруге рұқсат беріледі
Қазақстан үкіметі Парижде 65 млн евроға пәтер сатып алды