Дәрігерлер қателігі үшін шығынды өз қалтасынан төлемейтін болды: Министр түсіндірді
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігер қателесіп пациенттің денсаулығына залал келтірсе, шығынды кім өтейтінін мәдімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Бұрынғы заңда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру мәселесі қарастырылмаған еді.
"Дәрігер пациенттің денсаулығына түрлі залал келтіріп, оның қателігі дәлелденген жағдайда, оның үстінен қылмыстық іс қозғалатын. Бұл жағдайда дәрігерлер пациенттің денсаулығына келтірген залалы үшін материалдық және моральдық шығында өз қалтасынан өтеп келді. Биылдан бастап президенттің тапсырмасымен алғаш медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды енгізіліп отыр", – деп жауап берді Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, ендігі уақытта пациент пен дәрігердің арасында дау-дамай туындаған жағдайда істі сотқа жеткізбей қаралады. Мәселені қарау үш деңгейден тұрады, алдымен медициналық мекеме ішінде қарастыруы, екінші денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде, мәселе оң шешімін таппаған жағдайда медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті деңгейінде қарастырылады.
"Үш деңгейлі қараудың нәтижесінде дәрігердің қателігі дәлелденген жағдайда пациентке немесе оның жақындарына залал шығыны сақтандыру жарна есебінен өтеледі, осылайша дәрігерді жұмыс беруші сақтандырады. Ол үшін жыл сайын медицина қызметкерлеріне жұмыс берушілерге сақтандыру жарнасы бөлінеді", – дейді ведомство басшысы.
Айта кетсек, кеше елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заң күшіне енді.