Дәрігерге шабуыл жасағаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырады: Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін мәжіліс депутаттары дәрігерлерге шабуыл жасағандарға жазаны күшейтуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Мас адам жедел жәрдем жүргізушісін ұрса, бұл көрші көшеде тұншығып, жедел жәрдемді күтіп отырған кішкентай балаға қол көтергенмен бірдей. Инсульт алған әжейге жедел жәрдем үлгермей қалуы мүмкін екенін ескерсек, науқасқа жасалған соққы сияқты. Бір бұзақының кесірінен бір бригада мен бір машина істен шығады, көмектің жету уақыты кешігеді. Инфаркт пен инсульт кезінде әр минут шешуші. Бұл өмір мен өлім мәселесі", – деді депутат Асхат Аймағамбетов.
Ол Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйене отырып, кейінгі бес жылда медицина қызметкерлеріне жасалған 280 шабуыл тіркелгенін атап өтті.
"Бұл проблеманың көзге көрінетін бөлігі ғана. Нақты көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары. Медициналық қызметкерлердің көбі арыз жазбайды, өздерінің қорғалатынына сенбейді және тергеуге уақыт жоғалтқысы келмейді", – деді депутат.
Заң жобасы бойынша Қылмыстық кодекске 380-3-бап енгізіледі. Онда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілері ерекше қорғалатын тұлғалар қатарына енгізіледі. Қазір мұндай мәртебе құтқарушыларға, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, орман инспекторларына берілген, алайда дәрігерлерге берілмеген.
Депутаттар дәрігерлерді қорғауға арналған бапты қорықшыларға қатысты 380-2-бап моделі бойынша енгізуді ұсынды.
Медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану үшін жаңа заң 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Айта кетейік, бұған дейін дәрігерлерге қол көтеріп, тіл тигізгендерге жаза қатаңдатылатыны хабарланған еді.
Жарыстан екінші орын алсам әкем ұрсып, скакалкамен ұратын — Әсел Қанай каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері