“Дәрігер күйеуіне ақша ұсынған”: Алматыда артық майдан арыламын деп ота жасатқан әйелдің өлімі туралы туыстары айтып берді
Алматылыда 47 жасар Құралай Батырханова арықтаймын деп ажал құшты. Келіншектің өліміне қатысты туыстары айтып берді. Олар әпкелерінің өліміне кінәлілер жазасыз қалады ма деп қорқады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Айтылмай қалмасын” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: видеодан алынған/марқұмның туыстары
Арықтаймын деп пластикалық хирург қолынан көз жұмған әйелдің артында 3 баласы қалды. Ол іш майын сылып алып, арықтату үшін жеке клиникаға 2 млн теңге төлеген.
"Құралай 2-3 жыл бойы интернеттен қарап жүретін. Ол болмысынан толық болды. Жатырына ота жасатқан. Одан кейін тіпті тола бастады. Арықтауға амалдар жасап жүрген. Бірақ бір уақытта шамам қалмады, майды отамен алдырамын деп шешім қабылдады. Екеуіміз желілерден зерттей бастадық. Дәрігерлер мен клиникаларды қарап, осыған дейін жасатқандарды да көрдік. Ойымызда күмән болмады. Өзі қуанып келістік. Клиника тауып, ота алды консультация алдық. Артық қарын майын кетіреміз, бөксе майын кесеміз деді. 5 кг алып тастаймыз, содан кейін адам өзі арықтай бастайды деді”, – деді Құралай Батырханованың сіңлісі Сәуле Батырханова.
Дәрігерлер келіншекті отадан соң бірнеше сағаттан кейін жүріп кетесің деп сендірген.
“Отадан кейін 1-2 сағат жатады сосын тұрып, жүріп кетеді деді. Жасай салған күні аяққа тұрып кетесің деді. Күйеуі таңертең апарып тастаған. Күйеуіне хабарласып едім, 12:42-де хабарлама жазды маған деді. Ота таңғы 7:45-те жасалған. 2,5 сағаттай жасап палатаға апарып тастадық деді”, – деді ол.
Құралаймен түскі уақытта байланыс үзілген. Содан кейін келіншектің жағдайы нашарлаған көрінеді.
“Дәрігерлердің кестесіне қараған кезде сол күні үш әйелге ота жасалған. Біздің әпкемізге ең бірінші болып ота жасалды деп жазылып тұрды. Біздің өзіміздің ойымызша сегізде жасалған. Сосын палатаға әкелген кезде ол “Қайрат ота бітті, мен палатаға шықтым, өзіме келе алмай жатырмын” деп жазған. Содан кейін “Мына кісілер маған система құйып жатыр, бірақ ешкім ешнәрсе айтқан жоқ” деп сурет жіберген. Содан кейін байланыс жоқ. Кешкі беске дейін байланыса алмадық. Кешке күйеуіне дәрігерлер жағдайы нашарлап кетті деп хат келді. Барлығымыз бардық”, – деді Гүлнар Батырханова.
Кешкі сегізде ауруханаға келген туыстары дәрігерлерден нақты жауап ала алмаған.
“Қан қысымы көтеріліп жатыр, қанты көтеріліп кетті деп әртүрлі нұсқа айтты. Түнгі он бірге дейін нақты ешнәрсе белгілі болмады. Таныстарымыз жедел жәрдем шақыру қажет ол клиникада реаниматолог жоқ деп айтты. Жедел жәрдем шақырдық, полицияға хабарластық. Жедел жәрдем шамалары келмей жатса, клиника өзі көмекке шақыруы керек деп келмеді. Біздің күдіктеніп тұрған дүниеміз әпкеміз “Амира клиник” деген клиникаға барып, сөйлесіп, кеңес алып жүрген. Алайда құжатта “Дамир Таң” ЖШС деп тұр”, – деді Гүлнара Батырханова.
Тіпті тергеушінің әйелдің денесін моргке алып кеткенін де жақындары білмей қалыпты.
"Бізге көз жұмды деп хабар берді. Артынша бірден тергеуші келіп денесін мәйітханаға алып кетті деді. Палатаға кірген кезде әпкеміздің денесі болған жоқ. Бір сағат бұрын алып кетті деді. Күйеуін кіргізді. Күйеуі құрылғылардың барлығы өшіп тұрды, қолынан ұстадым деді. Таңғы тоғызда моргтен аласыздар деді. Моргтен сүйекті алу үшін де 100 мың теңге бердік. Кешке денесін бірақ алдық. Бізге берген алдын ала диагноз инфаркт. Біз бұл диагнозбен келіспейміз. Дәрігерлер мұндай жағдай қанға май кеткен кезде болады деп отыр. Операцияға дейінгі құжаттарға да қол жеткізе алмадық. Клиника тіпті кардиологтың консультациясын сұрамаған”, – деді Гүлнара Батырханова.
Ал ота жасаған дәрігер жаназа кезінде марқұмның күйеуіне ақша ұсынған.
"Дәрігер жаназа кезінде үйге келіп, күйеуіне конверт ұсынған. Күйеуі қабылдамаған. Данияр Қайратұлы және Болат деген дәрігер жасаған. Құжатта 22:40-та көз жұмды деп жазылған. Отаның құны – 2 млн теңге болған”, – дейді Гүлнара Батырханова.
Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы марқұмның адвокаты айтып берді.
“Бұл іс бойынша Бостандық ауданында қылмыстық іс қозғалғаны анықталды. Қылмыстық іс бойынша тергеуші судмедэкспертиза тағайындағаны белгілі болды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, басқа ақпараттарды бөлісе алмаймыз. Барлық медициналық құжаттар құқық қорғау органдарының қолында. Бұл бап бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған”, – дейді адвокат Дмитрий Перцев.
Еске салсақ, Алматыда артық салмақтан арылу үшін липосакция жасатқан 47 жастағы әйел көз жұмды. Хирургиялық операциядан кейін Құралай Батырханованың жағдайы нашарлап, жекеменшік клиникада жан тапсырған. Марқұмның жақындары болған іске дәрігерлерді кінәлап отыр.