Дәрігер бір рет ұйқы қанбаудың денсаулыққа әсері туралы айтты
Фото: pixabay.com
Ұйқы – тек дененің тынығуы емес, мидың тиімді жұмысын қамтамасыз ететін белсенді әрі аса маңызды процесс. "Семейная" клиникалар желісінің неврологы Максим Алексеев бір түн ұйқы қанбаудың салдары жайлы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lenta.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігердің айтуынша, терең ұйқы фазасында ми тәулігі бойы жиналған зат алмасу қалдықтарынан, соның ішінде Альцгеймер ауруымен байланысты бета-амилоидты ақуыздан тазарады. Сондай-ақ түнгі тынығу кезінде жаңа нейрондық байланыстар қалыптасады, ми жаңа тәжірибеге бейімделеді және ақпарат қысқа мерзімді жадтан ұзақ мерзімді жадқа беріледі.
Алексеевтің сөзінше, тіпті бір түн ұйқыны қандыра алмау адамның реакция жылдамдығын айтарлықтай төмендетеді, зейін қою қабілетін әлсіретеді, дұрыс шешім қабылдау мен тәуекелді бағалау мүмкіндігін нашарлатады және стресске қарсы тұру қабілетін төмендетеді.
"Созылмалы ұйқысыздық депрессия, үрейлі бұзылыстар, Альцгеймер және басқа да деменция түрлерінің, жүрек-қан тамырлары ауруларының, диабеттің даму қаупін айтарлықтай арттырады. Адам әлсіреп, ашуланшақ болып жүреді. Сонымен қатар, өмір сапасы төмендейді", — деді дәрігер.
Оның айтуынша, ересек адамға ми денсаулығын, когнитивтік қабілеттерді, эмоционалды тұрақтылықты және ағзаның ұзақ мерзімді саулығын сақтау үшін сапалы, үздіксіз жеті-тоғыз сағаттық ұйқы қажет.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
