Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дариға Бадықова: Әкем менің киномды күтіп жүріп өмірден өтіп кетті

Актриса Дариға Бадықова өнерге 5 жасынан келген. Ән айтып сахнаға шыққан ол оқу орнынан дайын күйде келдім дейді. Театр әртісі бірден кино саласына кетті. Бүгінде бақытты жар, аяулы ана. Кейде өз кейіпкеріне қарама қарсы келетін тұстары бар. Түсірілім кезінде кино редакторымен санаса бермейді. Өмірдегі бір өкініші  – әкесінің мезгілсіз қазасы.

Бұл туралы Талқылайық бағдарламасында айтылды. 

Дариға Бадықова бірнеше образымен көпке танылып келе жатқан актриса. Әсіресе “Келінжан” сериалындағы Айсара рөлімен етене таныс. Барынша шынайылықты қолдайтын актриса театр әртістеріне сенбейтінін айтады. Сондықтан болар театрға жиі бас сұқпайды.

"Мен шынайылықты жақсы көремін. Ең алғаш "Ақсарай" театрында ойнадым. Театр жабылған соң бірден киноға келдім. Кинода жолым болып кеткен соң театрға бармадым. Мүмкін өзімді таба алмай, жұмыс таппай жүрсем барар ма едім. Егер мен үшін арнайы рөл болса, шақырса баруға болады. Ал өзім театр әртістеріне сенбеймін. Сендіре алмайды. Олардың ойнағаны жасанды көрінеді. Негізі оқыған актермен серіктес болған жеңіл. Ол саған жол беріп ойнайды. Себебі теорияны біледі. Жүйені біледі. Кей сырттан келген өнерге қатысы жоқ актерлермен ойнаған тіпті қиын. Саған жол бермей қояды. Өзін ғана көрсеткісі келеді. Себебі білімсіздік. Оқыған актерлердің де тым жасанды сөйлеп, әдемі сөз айтып, лирикаға кетіп қалатын кезі болады. Ал оқымаған болса да кей актер шынайы ойнайды. Ол жағын да білемін", – деді актриса.

Бадықованың айтуынша, 5 жасынан бастап сахнаға шығып, өнерге келуге талпынған. Ата-анасы қарсы болса да актриса болуды армандаған. 

"Бала кезімде ән айтамын деп жүретін едім. Әке-шешем "айтпа, қой, ақша алма" деп ұрсатын. Сондай шектеулер болды. Егер балада талант болса, оны тоқтатпау керек. Керісінше, дамыту керек. Сонда саған жеңіс әкеледі. Егер дарыны жоқ болса, оны өнерге әкеліп сүйрелеудің керегі жоқ. Одан түк шықпайды. Өнер деген ауыр нәрсе. Ол бар болса, жарып шықпай қоймайды. Маған ата-анам ұрсушы еді. Бірақ мен өзім қаладым. Жүргеновке келгенде, дайын болып келдім десем болады. Шыңдалған шағымда келдім. Не бар, бәріне дайынмын деп келдім", – деді Бадықова. 



Дариға ең алғаш 17-18 жасында ғашық болған. Алғашқы махаббаты жауапсыз болмағанымен, баянсыз аяқталды. 

"Мен кей қыздар құсап біреуге ғашық болып, жастық құшақтап жылап көрмеппін. Жауапты махаббат болды. Мектепте де, оқу орнында да әлденеге ұрынып қалған кезім болған жоқ. Бәрін ақылмен шешемін. Өзімді мақтағандай болармын, бірақ от басып әлденеге өкінген кезім болған жоқ", – деді ол. 

Актриса желіде отбасы туралы көп жазғанымен сұхбаттарында отбасы туралы ашық айтудан аулақ. 

"Егер мен бір сұхбатта бәрін ақтарыла айта салсам, келесі жолы не айтамын. Отбасым, жолдасым туралы сұрайтындар көп. Оны көрсете салсам, ешкімге қызық болмайды ғой. Сондықтан тек естеліктер жазамын. Бәрін ашық айта бергім келмейді. Отбасы, ошақ қасы туралы сұхбаттасқым келмейді", – деді. 

Бадықова ең алғаш әріптестірінің алдында қорланғанын айтады. Алайда бұл жайлы қазір айтуға дайын емес. 

"Мен бұл тақырыпта кейін айтатын шығармын. Әлі дайын емеспін. Ауыр күйзелістен өттім. Ұжымның алдында қорландым. Қазір де араласатын, көріп жүрген әріптестерім бар. Сондықтан қазір айта алмаймын", – деді актриса.

Дариға Бадықова өмірден өткен әкесіне тек алғыс айтады. Бір ғана өкініші, асқар тауының өзі күткен киносын көре алмай кеткені. 

"Мен киноға түсіп жатқанда қаралы хабар келді. Әкем мезгілсіз кетті. Он күннен кейін қайта келіп, киноға түстім. "Мезгілсіз махаббатты" әкем күтіп жүрді. Ол кино күзде көрсетілетін болды. Әкем "неге кеш береді екен?" деп өкінді. Асыққандай болды. Бірақ көре алмай кетті. Сол бір өкініші. Әкем менің өнеріме риза болатын. "Шынайы ойнайсың" деп айтатын. "Мәтінді өзің шығарасың ба?" деп сұрайтын. Мен "жазып береді" десем сенбеуші еді. "Мәтін өзіңнің ойымнан туып жатқандай" деп риза болатын. "Өмірде сол адам секілдісің" деп тәнті болды. Әкемнің ризалығын көрдім. Бірақ өкінбеймін. Әкеме тек алғысымды айтамын. Қолымыз аузымызға жеткенде өмірден өтті. Сол үшін рақмет. Ешқандай өкініш жоқ. Ол жақта да тыныш болса екен деймін", – деді Дариға.

Айтуынша, өзі көп редактормен, визажистермен сөзге келетін актриса. Егер ұнамай тұрса, бірден айтамын. "Әркім өз ісінің маман болу керек", – дейді ол. 

"Маған көп визажистер ұнамайды. Себебі түрімді жаман қылып жібереді. Мен егер өз маманы болмаса, бірден кете бер деймін. Жасандылықты жек көремін. Редактордың айт деген сөзін айта салмаймын. Себебі сөздің өз жанымнан шықққаны жақсы. Сонда шынайы болады. Көбісі мені осыдан соң жұлдыз деп ойлайды. Мен жасанды емеспін. Біреуге ұнау үшін өтірік мақтай алмаймын. Ұнамай тұрса, ұнамай тұр деп айта аламын", – деді Бадықова.

Актриса қазір де, болашақта да шетелге көшуді мақсат етпейді. 

"Қазір шетелге көшетін ақшам жоқ. Жеке өзімнің ақшама көлікті былтыр ғана алдым. Ал болашақта да көшпейтін шығармын. Ата-анам бар, бауырларым бар. Елімде боламын", – деді ол. 

Талқылау