Цой Тоқаевқа коронавирустың "Лямбда" атты жаңа штаммы туралы баяндады
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың есебін тыңдады. Цой президентке әлемде коронавирус індетінің жаңа "Лямбда" штаммының пайда болуы мен таралуы туралы айтты. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Президентке қазіргі эпидемиологиялық жағдай, екпе егу жұмыстарының барысы және елімізге вакцина жеткізу жөніндегі уағдаластықтар туралы баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар өңірде карантин шараларының күшейтілгені, жұқпалы аурулар стационарлары мен жан сақтау бөлімдерінде ем қабылдап жатқан науқастар саны, дәрі-дәрмектер мен басқа да қажетті жабдықтар қоры, вакцина салу қарқыны баяу өңірлерге көрсетіліп жатқан әдістемелік көмек жайында мәлімет берілді.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Президентке әлемде коронавирус індетінің жаңа "Лямбда" штаммының пайда болуы мен таралуы туралы айтты. Бұл вирус алғаш рет 2020 жылғы желтоқсанда Перуде тіркелген. Бүгінде індеттің осы түрін 30 мемлекетте, негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Еуропа елдерінде 3 мыңға жуық адам жұқтырған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, жаппай екпе салу қарқынын арттыруды, науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсету жұмыстарын, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдемді сапалы ұйымдастыруды тапсырды.