Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Cirque du Soleil Қазақстанға келе жатыр: Аңызға айналған цирк Астана мен Алматыда OVO шоуын ұсынады

4–7 маусым аралығында Астанада (Барыс Арена), ал 11–15 маусым күндері Алматыда (Алматы Аренада) әлемге әйгілі Cirque du Soleil ауқымды әрі әсерлі OVO қойылымын ұсынады. Бұл – Cirque du Soleil-дің Орталық Азиядағы алғашқы ресми гастрольдері. Бұдан бұрын ұжым Астанада ЭКСПО-2017 аясында өнер көрсеткен. 2026 жылы OVO жаңартылған нұсқамен әлемдік турнеге шықпақ. Қазақстан осы үлкен сапардың бір бөлігіне айналады. Әр қалада көрерменді жеті қойылым күтеді: төрт кешкі шоу, екі күндізгі сеанс және демалыс күндеріндегі арнайы таңғы көрсетілім болады.

Cirque du Soleil 1984 жылы Канадада құрылған. Уақыт өте келе ол әлемдегі ең танымал цирк брендтерінің біріне айналды. Жоба цирк өнеріне деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, оны акробатика, театр, музыка мен визуалдық өнер тоғысқан бірегей форматқа айналдырды. Ондаған жыл ішінде Cirque du Soleil қойылымдарын әлем бойынша жүздеген миллион көрермен тамашалап, бұл бренд тірі шоу индустриясының эталонына айналды.

Қазақстандағы Cirque du Soleil гастрольдерінің ұйымдастырушысы – концерт индустриясын дамытуға бағытталған жаңа платформа Freedom Events. Компания көрерменге де, әртістерге де, серіктестер мен ұйымдастырушыларға да, тұтас елге де тиімді орта қалыптастырады. Freedom Holding Corp. жаһандық экожүйесінің бір бөлігі ретінде Freedom Events ивент индустриясына халықаралық бизнес стандарттарын – масштаб, технологиялық шешімдер мен қаржылық ашықтықты алып келеді.

Freedom Events әр жобаны тек шоу емес, көрермен эмоциясына және ел имиджіне салынған инвестиция деп қарастырады. Сондықтан компания ірі бастамаларды жоғары деңгейде, кең құлашпен жүзеге асыруды мақсат етеді.

"Cirque du Soleil – бүкіл отбасына арналған әлемдегі ең үздік ойын-сауық жобаларының бірі. Бұл — цирктің ЭКСПО-2017 аясындағы Астанадағы өнер көрсетуінен кейінгі Орталық Азиядағы алғашқы ресми гастрольдері. Әлемдік турне аясында әртістер Қазақстанға OVO бағдарламасын алып келмек. Осындай жоғары деңгейдегі жобаны ұйымдастыра отырып, біз Қазақстанда дәл осындай ауқымдағы жаңа іс-шараларға жол ашып, жаңа стандарт қалыптастырамыз деп сенеміз", – деді Freedom Events CEO Виктория Торгунакова.

OVO шоуы жайлы

OVO – Cirque du Soleil-дің көрерменді жәндіктер әлеміне жетелейтін, толассыз қозғалысқа толы, жарқын әрі ерекше әсерлі қойылымы. Спектакльдің негізін әртүрлі кейіпкерлердің мінезі мен ерекшелігін ашатын акробатикалық нөмірлер құрайды: мұнда батуттан көкке атылған қайратты шегірткелер де, өз өрмегінде иірілген өрмекшілер де бар. OVO өзінің мәнерлі пластикасымен, күрделі трюктерімен және аса мұқият ойластырылған визуал ортасымен кез келген жастағы көрерменді баурап алатын біртұтас сахналық туынды іспетті.

OVO-ның алғашқы премьерасы 2009 жылы Монреальда өткен. Содан бері бұл шоу әлемнің 40-тан астам елінде қойылып, 10 миллионнан астам көрерменнің ықыласына бөленді. 2024 жылы қойылым толықтай жаңартылды: сахналық дизайны, жарық жүйесі, проекциялары, музыкасы, костюмдері мен кейіпкерлері жаңа кейіпке енді. Бүгінде бұл – жоғары деңгейлі акробатиканы, жанды дауыстағы музыка мен әсерлі визуалды бейнелерді ұштастырған ғаламат туынды.

Қойылымның атауы OVO португал тілінен аударғанда "жұмыртқа" деген мағынаны білдіреді. Бұл — жобаның бразилиялық режиссері әрі композиторы Берна Сеппасқа көрсетілген құрмет. Қойылымға тарақан кейпіндегі жеті музыкант қатысады. OVO музыкасы босса-нова мен самба сияқты бразилиялық ырғақтарды фанк және электронды музыкамен шебер үйлестірген, ал саундтректе жәндіктердің табиғи дыбыстары қолданылады.

Cirque du Soleil Entertainment Group туралы

Cirque du Soleil Entertainment Group – тірі ойын-сауық индустриясындағы әлемдік көшбасшы. Қырық жылдан астам уақыт бойы компания шығармашылық қиялдың шекарасын кеңейтіп, төл креатив тәсілін ойын-сауықтың мультимедиялық жобалар мен иммерсивті шоулардан бастап арнайы іс-шараларға дейін түрлі форматтарында қолданып келеді. 
Былтыр Cirque du Soleil Entertainment Group өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Компания шындық шекарасына қарсы шығып, ойын-сауық индустриясын жаңғырта отырып, әлемді өнер мен шығармашылық арқылы шабыттандырып келеді. 1984 жылы құрылған сәттен бастап компанияның шоуларын алты құрлықтағы 86 елде 400 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Бүгінде канадалық компанияда 4000-нан астам қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде 80 елден келген 1200 әртіс бар.

Назархан Уән
Сәрсенбі, 11 Наурыз, 2026 13:43