Цифрлық даму министрлігі қазақстандықтар көрген ғажайып нысанның неден пайда болғанын түсіндірді
Фото: Видеодан скрин
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірнеше қала тұрғындары көрген белгісіз жарықтардың пайда болу себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство түсініктеменің өзінің Telegram арнасында жариялады.
"5 маусымнан 6 маусымға қараған түні Орталық және Солтүстік Қазақстан тұрғындары, оның ішінде Астана, Қарағанды, Павлодар және Қостанай қалаларының халқы аспанда жарқыраған құбылысқа куә болды. Бұл бұрын орбитада болған ғарыш нысандарының бірінің атмосфераға енуімен байланысты болуы мүмкін", – деп топшылады. министрлік.
Ғарыштық қалдықтардың қозғалысын бақылайтын халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес, дәл осы уақыт аралығында үш жағдай тіркелген, олардың әрқайсысы байқалған құбылысты тудыруы мүмкін. Атап айтқанда, Қытайдың ZQ-2E зымыранының үдеткіш блогы.
“Атмосфераға ену уақыты: 5 маусым, Астана уақытымен шамамен 22:40. Нысан: LandSpace компаниясы 17 мамырда ұшырған Zhuque-2 Enhanced зымыранының сатысы. Ерекшелігі: Экологиялық таза отын (сұйық метан мен оттегі) пайдаланылады, жану кезінде айқын жарық шығарады”, – делінген хабарламада.
Бұл нысан уақыт жағынан және көрініс сипаттамасы бойынша Қазақстан тұрғындарының байқаған құбылысына дәлме-дәл сәйкес келеді.
Екінші нысан – STARLINK-1631 (SpaceX) спутнигі.
“Атмосфераға ену уақыты: 6 маусым, Алматы уақытымен 03:41. Ескі спутниктердің бірінің жоспарлы орбитадан шығуы”, – деп хабарлады министрлік.
Ал үшіншісі – Жапондық H-2A R/B зымыранының үдеткіш блогы. Оның атмосфераға ену уақыты: 6 маусым, Алматы уақытымен 00:36. Нысан пассивті орбитадан шығу режимінде болған.
Қазір Қазақстан Республикасы аумағына қандай да бір фрагменттердің құлағаны немесе залал келтіргені туралы расталған ақпарат жоқ. Мұндай нысандар, әдетте, атмосферада толық жанып кетеді (ірі бөліктердің Қазақстан аумағына құлауы екіталай), ал құбылыстың өзі көрнекі болғанымен, қауіпсіз үдеріс болып саналады.
Министрлік азаматтардан сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Еске салайық, бұған дейін астаналықтар аспандағы ерекше құбылысқа куә болған еді.