Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Цифрлық даму министрі eGov қосымшасындағы уақытты өзгертуге қатысты сауалнаманы алып тастау себебін түсіндірді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев eGov мобильді қосымшасынан уақытты өзгертуге қатысты сауалнаманың алыну себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz 

21 қарашада eGov мобильді қосымшасында уақытты өзгертуге қатысты сауалнама пайда болған еді. Үш күн өткен соң сауалнама жоғалып кетті. Осы жағдайға қатысты министр Жаслан Мәдиев жауап берді.



Министрдің айтуынша, платформада сауалнама жүргізуге Ғылым және жоғары білім министрлігі өтінім берген. 

“Жалпы, Ғылым және жоғары білім министрлігі жан-жақты зерттеу аясында eGov-қа осы сауалнаманы орналастыру туралы өтініш жіберді. Олар уақыт белдеуін өзгерту мәселелерін және оның күнделікті өмірге қалай әсер ететінін білгісі келді. Министрлік сауалнама нәтижесі 200 мың қатысушыға жеткеннен кейін одан әрі талдауға дайын екенін жеткізді. Сондықтан сауалнама ерте аяқталды. Нәтижесі Ғылым министрлігіне жіберілді. Толық ақпарат алу үшін сол министрлікке хабарласу қажет”, – деді министр. 

Министр сауалнамаға қатысқан респонденттердің санына да тоқталды.

"eGov – бұл үлкен платформа. Оның өз ережелері мен жұмыс тәртібі бар. Әр министрлік түрлі зерттеулер мен сауалнамалар жүргізу үшін тиісті сұраныстарын жібере алады. Демек, Ғылым министрлігінің өтінімінде дәл осы көрсеткіш – 200 мың респондент. Осы критерийлер мен шарттарға қол жеткізгеннен кейін сауалнама аяқталады. Мұнда бірегей пайдаланушы, бірегей респондент, бір сауалнамаға бірнеше адам басуы маңызды. Сондықтан бұл жерде уақыт, күн саны емес, респонденттердің саны маңызды”, – деді министр. 

Айта кетейік, бұған дейін 21 қарашада Қазақстанда Еgov мобильді қосымшасында уақытты өзгертуге қатысты сауалнама пайда болған еді. Ал 25 қарашада уақытты кейін қайтаруға қатысты сауалнама жоғалып кеткені туралы хабарланған. 

Талқылау