Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Wi-fi желісіне қосылыңыз, өзім де солай істеймін": Цифрлық даму министрі тарифті қалай үнемдеу керегін айтты

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ұялы байланыс операторлары байланыс сапасын жақсартпай, тарифтік жоспарларды көтеруді қашан қояды деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Министрдің айтуынша, үкімет еркін нарықта бағаны реттей алмайды. Бұған кәсіпкерлік кодекспен тыйым салынған. Оның үстіне ұялы байланыс операторлары коммуникацияны жақсартуға қыруар қаржы салуға уәде берді. Сондықтан мемлекет оларға тарифтерді көтеруге тыйым сала алмайды дейді.



"Мұндай тыйым салу мүмкін емес. Әйтпесе олар қалай инвестиция салады? Олар базалық станциялар мен антенналық діңгек құрылымдарына көп инвестиция салады. Beeline-мен олар алдағы бес жылда миллиард доллар инвестициялайды деген келісімге қол қойдық. Мүмкін сіз көп трафикті пайдаланып жатқан шығарсыз? Wi-Fi бар жерде Wi-Fi желісіне қосылуды ұсынамын. Мен де солай істеймін", – деді министр.

Министр қазақстандықтарды жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етуге уәде берді. 

"Талап етіп отырғаныңыз өте дұрыс. Біз де үкімет ретінде талапты күшейтіп жатырмыз. Тіпті, қазір секундына мегабит саны бойынша ең төменгі деңгейді көтеріп жатқанымызды бұған дейін де айттым", – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Баспанасы суға кеткен ақтөбеліктер жаңа қоныстағы интернет сапасына шағымданған еді. 

Талқылау