Чемпиондық белбеуінен айырылған Жәнібек Әлімханұлы мәлімдеме жасады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы International Boxing Federation (IBF) нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуінен айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осыдан кейін боксшы өзінің Instagram парақшасында мәлімдеме жасады.
"Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты: IBF кетті, WBO қалды.
Қалай болғанда да, қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын. Бір титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса, 8 айдан соң рингке шығамын. Үлкен жорық жалғасады. Құдай жаратқан төбені кетпен шауып біте алмайды! Құдай жаққан отты адам үрлеп өшіре алмайды! Біз әлі аяқтаған жоқпыз, меніңше бәрі енді басталатын сияқты!
Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес. Біз спорт жағындамыз! Біз қазақылық бағытындамыз!
Қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар; азаматтың жолында бақыт та бар, сор да бар. Бұл – өмір заңы. Әр қиындықтан кейін қуаныш барын ұмытпаймыз", – деді Әлімханұлы.
Сондай-ақ боксшы допингке қарсы екенін, бұл оның басты ұстанымы екенін атап өтті.
"Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті. Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы – ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі.
Ардақты ағайын, біз әлі ӘЛЕМ чемпионымыз! Алдымызда талай додалар күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет!", – деді Әлімханұлы.
Айта кетейік, 2025 жылғы 2 желтоқсандағы Voluntary Anti-Doping Association (VADA) тестілеуі кезінде Жәнібек Әлімханұлының ағзасынан тыйым салынған заттың анықталды.
Даулы оқиғадан кейін World Boxing Organization (WBO) ұйымы Жәнібек Әлімханұлын 2025 жылдың 2 желтоқсанынан 2026 жылдың соңына дейін кәсіпқой бокстан уақытша шеттетті.
Сонымен қатар, Жәнібек Әлімханұлы IBF чемпиондық белбеуінен айырылғанымен, WBO нұсқасы бойынша атағын сақтап қалды.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған