Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Kcell баптаған өнерпаздар робот жасауда Орталық Азия бойынша үздік ондыққа енді

Астанада робототехникадан Орталық Азиядағы ең ауқымды дода Central Asia FIRST Championship чемпионаты мәресіне жетті. Додада 5 елден келген үш мыңнан астам оқушы 3 күн бойы өзара бәсекеге түсіп, үздіктер анықталды. Роботтар бәйгесінде Kcell компаниясы қолдау білдірген жас өнерпаздардан құралған KcellTech командасы үздік ондықтың қатарына кіріп, жартылай финалға өтті. Ал команданың екі ойыншысы Елордадағы үздік Astana IT университетінің грантын жеңіп алды.

Астанадағы Оқушылар сарайы үш күн бойы Орталық Азия және инженерлік техникадан алдына жан салмайтын Гонконг және Біріккен Араб Әмірліктерінің ең үздік робототехниктерін бір тудың астына біріктірді. Әр елден келген өнерпаздар арнайы көрмеде жасаған роботтарының мүмкіндігін паш етіп, кезең-кезеңмен өткен турнирлерде туындыларын өзара жарыстырып, сайысқа түсті. Айта кету керек, халықаралық Central Asia FIRST Championship чемпионатына еліміздің түкпір-түкпірінде өткен түрлі іріктеу сайыстарында суырылып шығып, квота алған екі жүзден астам команда қатысты. Үздік шығып, осындай дүбірлі додаға жолдама алған командалардың бірі – KcellTech. 

Kcell компаниясы дәл осы KcellTech командасын робот жасауға қажет құрал жабдықтармен қамтамасыз етіп, өз қанатының астына алған еді. Қанаттанған он өнерпаздан тұратын топ бұған дейін бірқатар ірі сайыстарда оқ бойы озық шыққан. Енді олар Орталық Азия чемпионатына бағы мен бабын сайлап келіп отыр. 

Сайысқа KcellTech командасы екі түрлі роботпен келді. Оның бірі – алыстан менмұндалаған адам кейпіндегі гуманоид робот. Ол көздеріне орнатылған камера арқылы айналасындағы қозғалысты бақылай алады. Леонардо деп аталатын бұл робот жарысқа тек балаларды шабыттандыру үшін келген, яғни ол негізгі сайыстарға қатыспайды. Себебі әзір бұл робот толыққанды аяқталмаған. Бүгінде басы мен бір қолы қозғалуға қауқарлы.

"Мұндай гуманоидты роботтарды жасап шығуға алпауыт компаниялардың өзі 10-20 жылын арнайды. Біз Леонардоны дүниеге әкелгенімізге небәрі бір жарым жол болды, бұл робот өнерпаздарды биік мақсаттарға жетелеп, шабыттандыру үшін жасалған", – дейді команда мүшелері. Ал жарысқа алып келген негізгі туындымыз – RevRobotics, яғни заттарды тасымалдауға арналған ақылды көмекші”, – дейді олар. 

Айта кету керек, KcellTech командасы Роботек мектебінің тәлімгерлері, осы білім алаңында өз сынағын жүргізіп, болашақ робот модельдерін сызып, жүзеге асырады. 

Роботек мектебінің негізін қалаушы әрі директоры Санжар Шалқарбековтің айтуынша, мұндай дода жас өнерпаздарға өз әлеуетін ашуға және техника, технология, физика, математика салаларында білім көкжиегін кеңейтіп, өзгелердің озық дәстүрлерінен үйреніп, өздерін дәлелдеуге көмектеседі. Бұл жарысып жүріп тәжірибе алмасуға, шабыттануға, оқушылардың ғылыми қызығушылығын дамытуға таптырмас алаң дейді ол. 

"Біз құрастырған робот әлемдік деңгейдегі чемпионатқа алғаш рет қатысып отыр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік әрі тәжірибе. Чемпионат өнертапқыштардың болашақ жетістіктігіне үлкен септігін тигізеді. Біз мұнда өнеркәсіпте қолдануға болатын темір роботтарды алып келіп отырмыз. Бұл – Қазақстанда бұрын жасалмаған туынды түрі. Себебі мұндай мүмкіндік екінің бірінде бола бермейді. Біздің мектепке бұл мүмкіндікті Ксеll компаниясы сыйға тартты. Аса қымбат робот құрылғыларын сатып алуға және арнайы лаборатория ашуға көмектесті", – дейді Роботек мектебінің директоры Санжар Шалқарбеков.

Санжар Шалқарбеков

Оның айтуынша, Астанада өткен халықаралық чемпионат аса тартысты өтіп жатыр. Себебі байқау Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Гонконг пен Араб Әмірліктерінің мен деген өнертапқыш жастарының басын қосқан. Бұл чемпионатта жеңіске жеткен командалар әлемдік үздік турнирлерге жолдама алып, өз жобасына қаржы алуға мүмкіндігі болады.

"Осыған дейін KcellTech командамыз Алматыда республикалық Almaty TеchCup чемпионатына қатысып, 1-орынды олжалаған. Сол кезде Индонезияда өтетін First Robotics чемпионатына жолдама алған едік. Алайда ол жолдаманы қолданбай осы чемпионатқа дайындалғанды жөн көрдік. Себебі мұның маңызы әлдеқайда жоғары", – дейді директор.

Central Asia FIRST Championship чемпионаты KcellTech тобының он сарбазы үшін де олжалы болды. Жартылай финалға дейін сайысып, үздік 50 топтың ішінен 5-орынға көтерілді. Орталық Азия, Гонконг және БАӘ елдерінің ең үздік ойыншыларының үздік ондығына кірді. Сонымен қатар KcellTech тобының белді ойыншылары, биыл мектеп бітіретін Алдияр Разақ пен Мейіржан Таздарбай үшін маңызды ұсыныс жасалды: оларға Астанадағы үздік ІТ университетіне білім алуға грант берілді.

Ақниет Аманжолқызы
Сәрсенбі, 28 Ақпан, 2024 10:39
Талқылау