Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағдат Мусин ChatGPT-ді "тұрмыстық құралға" теңеп, Тоқаевтың сынына қалған Жаслан Мәдиевке араша түсті

Фото: freepik.com

Желіде Бағдат Мусин бұған дейін қазақстандықтар сынға алған КазLLM-ге қатысты пікір білдірді. Айтуынша, КазLLM – ChatGPT-ге интеллектуалдық энергия беретін негізгі ішкі құрал. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мусин КазLLM мен ChatGPT-дің бәсекелес емес екенін жеткізді. Айтуынша, олар жүйенің әртүрлі деңгейлеріне жатады.

“Соңғы талқылаулардан кейін көп адам:"КазLLM – ChatGPT-тің баламасы ма? Біз онымен бәсекелеспекпіз бе?" деп сұрап жатыр. Түсіндіру үшін мысалы, электр станциясы мен тұрмыстық техниканы алып қарайық. Үлкен тілдік модель (LLM) – бұл электр станциясы сияқты. Ол "интеллектуалдық энергия" өндіреді. Ал ChatGPT-ді тұрмыстық құралдар: теледидар, шәйнек, тоңазытқыш деп алып қарайық. Сонда техника ыңғайлы, әдемі, пайдалы болуы мүмкін. Бірақ электр энергиясынсыз жұмыс істей алмайды”, – деді ол.

Мусин сонымен қатар жасанды интеллект саласында "электр станциясын" OpenAI, Google, Meta, Technology Innovation Institute (Falcon, БАӘ) сияқты ірі зерттеу орталықтары жасайтынын алға тартты.

“Бұл – инфрақұрылым деңгейі. Олардың модельдері жүздеген өнімге "интеллектуалдық энергия" береді. Ал Microsoft Copilot, Perplexity AI, Notion AI, базалық модельдердің үстінде жасалған сервистер. Бір іргелі модель ондаған, тіпті жүздеген қосымшаны "қоректендіре" алады. Ал бір қосымша API арқылы бірнеше модельге қосыла алады. Бұл әртүрлі қуат көзіне қосылған құрылғы сияқты”, – деді ол. 

Бағдат Мусин осы тұста КазLLM-нің не үшін қажет екенін түсіндірді.

“Ол өзіміздің генерацияға ие болу, сыртқы тәуелділікті азайту, деректерді өңдеуді өз бақылауымызда ұстау, ғылыми мектепті дамыту, технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет. Әрине, "интеллектуалды энергияны" сырттан алуға болады. Бастапқыда бұл ыңғайлы әрі арзан болуы мүмкін. Бірақ стратегиялық тұрғыдан маңызды сұрақ: “елдің өз генерациясы бар ма?” Әлемде бұл ұғым AI sovereignty – жасанды интеллект саласындағы егемендік деп аталады. Қысқаша айтқанда, ChatGPT – ыңғайлы әрі қуатты құрал. КазLLM – электр станциясы. Оларды тікелей салыстыру әдістемелік тұрғыдан дұрыс емес. Бұл – инфрақұрылымның екі түрлі деңгейі”, – деп қосты ол.



Мусин осы тұста тек сала мамандарының айтқан ақпаратына сенуге шақырды.

“Пікірді контекстен жұлып алып, бұрмалауға болмайды. Мұндай мәселелерде сарапшылардың немесе министрліктің түсіндірмесіне сүйену қажет. Хайп пен хейт уақытша. Ал цифрлық өнімдер ұзақ мерзімді нәтиже береді. Сондықтан цифрлық серпіліс жолындағы бастамаларды қолдау маңызды. Президенттің ЖИ-ге ерекше назар аударуы бұл саланың стратегиялық маңызын көрсетеді. Мемлекеттік қызметтер мен сервистер дамуын жалғастырып, ЖИ негізіндегі өнімдер сенімді технологиялық базаға сүйеніп, халыққа шынайы пайда әкелуге тиіс”, – деп қорытты ол.

Еске салсақ, бұған дейін желі қолданушылары қазақстандық ЖИ KazLLM-ді Абай жолын" Абай жазды деп жауап бергені үшін сынап тастаған еді. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 16 Ақпан, 2026 11:43