ChatGPT екі баланың анасын қалқанша бездің қатерлі ісігінен құтқарып қалды
Фото: Kennedy News and Media
АҚШ-тың солтүстік Каролина штатында және Виргин аралдарында тұратын Лорен Бэннон дәрігерлер анықтай алмаған қатерлі ісіктен ChatGPT-дің көмегімен тапқанын айттты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kennedy News and Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Лорен Бэннон – екі баланың анасы. Ол 2024 жылдың ақпан айында алғаш рет таңертең және кешке саусақтарын бүге алмай қиналатынын байқаған. Төрт айдан кейін дәрігерлер 40 жастағы әйелге ревматоидты артрит диагнозын қойған. Алайда бұл ауруға тексергенде тест нәтижесі теріс болып шыққан.
Уақыт өте Бэннонның іші қатты ауыратын болған. Сөйтіп бір айдың ішінде 14 фунт (шамамен 6,3 келі) салмақ тастаған. Дәрігерлер бұл жағдайды қышқылдық рефлюкспен байланыстырған. Сырқатының не екенін анықтай алмаған келіншек, бәрінен үміт үзіп, OpenAI компаниясы жасаған ChatGPT-ге жүгінген.
Басылымның мәліметінше, чат-бот Бэннонға оның Хашимото ауруына шалдығуы мүмкін екенін айтқан. Бұл – адам ағзасының иммун жүйесі қателесіп қалқанша безіне шабуыл жасауы. Салдарынан оның қабынуына және ақыр соңында қызметінің төмендеуіне әкелетін аутоиммунды дерт.
Дәрігерлердің қарсылығына қарамастан Бэннон 2024 жылдың қыркүйегінде тексеруден өтеді. Осылайша, ChatGPT-дің болжамы дұрыс екеніне көз жеткенде таңғалған. Сөйтіп дәрігерлер оның қалқанша безіне ультрадыбыстық зерттеу жүргізген. 2024 жылдың қазан айында олар әйелдің мойнында қатерлі ісікті растайтын екі кішкентай түйіршіктің барын анықтаған.
"Дәрігерлер мені алдағандай күй кештім. Маған не болып жатқанын анықтау керек болдым. Бәрінен үмітімді үздім. Өзім естігім келген жауаптарды ала алмадым", — деді Бэннон.
Әйел ChatGPT-ден ревматоидты артритке ұқсайтын қандай аурулар бар екенін сұрағанда ол: "Сізде Хашимото ауруы болуы мүмкін, дәрігеріңізден тиреопероксидаза (ТПО) антиденелерінің деңгейін тексеруді сұраңыз" деп жауап берген.
2025 жылдың қаңтар айында Бэннонға қатерлі ісік диагнозы қойылды. Бэннон қалқанша безі мен мойнындағы екі лимфа түйінін алып тастау бойынша ота жасатты. Енді ол қатерлі ісіктің қайта пайда болмауын қадағалау үшін өмір бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Бэннон егер ChatGPT көмектеспегенде, оның жағдайы мен қатерлі ісік елеусіз қалатын еді дейді.
"Менде Хашимото ауруына тән белгілер болған жоқ. Мен өзімді шаршаңқы немесе әлсіз сезінген емеспін. Егер ChatGPT-ге жүгінбегенімде, маған жай ғана ревматоидты артритке қарсы дәрі берер еді. Ал қатерлі ісік мойнымнан бүкіл денеме таралып кетер еді. ChatGPT менің өмірімді сақтап қалды. ChatGPT болмағанда мен қатерлі ісік туралы ешқашан білмес едім. Өйткені барлық талдауым таза болды. Егер күмәніңіз болса, дәрігерлерден тексеруін сұраңыз. Мұның зияны жоқ", — деді ол.
Даллас, Техас штатынан келген шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша сертификатталған дәрігер және жасанды интеллект мәселелері жөніндегі ұлттық баяндамашы доктор Харви Кастро ChatGPT сияқты жасанды интеллект құралдарының хабардар болудың және жедел әрекет етудің қозғаушы күші екенін айтты. Сондай-ақ абай болуға шақырды.
"Жасанды интеллект адамзат медицинасының тәжірибесін баса алмайды. Бұл құралдар көмектеседі, ескерте алады, тіпті жұбата алады. Бірақ олар диагноз қойып, тексеріп немесе емдей алмайды", – дейді Харви Кастро.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
