Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЦентрКредит Банкінің шымкенттік филиал жетекшісі: Клиенттеріміздің алғысы бізге ары қарай қажырлы қызмет етуге жігер сыйлайды

Бүгінде еліміздегі ірі қаржы ұйымдарының бірі ЦентрКредит Банкі нарықта маңызды орын алады. 2022 жылдың алғашқы жарты жылдығында көрсеткіштерге сәйкес, банк нарықтағы үлесі бойынша үздік үштіктің қатарына кірген. Бұл нәтиже жергілікті филиал жұмысын көрсете ме? ЦентрКредит Банкінің жергілікті филиалы бүгінде қай салаларға басымдық береді? Банк қай секторда басқаларынан көш ілгерік? Бұл сұрақтарға Шымкенттегі “ЦентрКредит Банк” АҚ директоры Абзал Оңалбеков жауап берді. 

– Абзал мырза, ЦентрКредит банкіндегі мансабыңыз жайлы айтып берсеңіз. Осынау үлкен шаһардағы ірі банкті басқару қиын емес пе? 

–  Өзім оңтүстіктің тумасымын. ЦентрКредит Банкінде қызмет етіп жатқаныма төрт жылдың жүзі болды. Ең алғаш фронт-кеңсе директорының орынбасары ретінде жұмысқа орналасқанмын. Ол кезде мен операциялық бизнеске, атап айтсам, депозит, шоттар және бизнесті дамыту саласына жауапты болдым. Ал 2019 жылдың ақпанынан бастап Шымкент пен Түркістан филиалдарының директоры міндетін атқардым. Сол жылдың шілде айынан бері толыққанды қалалық филиалдың басшысы болып сайландым. 

– Осыдан төрт жыл бұрын Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Бұл ретте банк өнімдеріне сұраныс қалай өсті? 

– Иә, баршамызға мәлім, 2018 жылы Шымкент қаласының мәртебесі өсті. Бұл тұста қос банк филиалының басшысы ретінде үлкен жауапкершілікті сезіндім. Шаһардың бизнес пен жылжымайтын мүлік нарығында елеулі өзгерістер орын алды. Сәйкесінше банктің осы саладағы өнімдеріне де сұраныс артты. Жалпы, оңтүстік тұрғындарының кәсіп жүргізуге икемі бар екені жасырын емес. Олардың қызығушылықтарына демеу болып, банкіміз шағын және орта бизнеске арналған тиімді өнімдерін ұсына алды.

BCC Business мобильді қосымшасымен бірге жүретін карта шығару, соның ішінде Apple Pay, Samsung Pay және Google Pay байланыссыз төлемдерімен байланыстырылған виртуалды карта Шымкент қаласы және Түркістан облысын тұтынушылардың 90% -ының сұранысына ие. Барлық қызметтерге қашықтан 24/7 режимде қол жеткізуге болады, яғни кәсіпкерлер банкке бармай-ақ аударымдарды, валюта айырбастауды және төлемдерді онлайн басқаруға мүмкіндігіне ие.

Біз сондай-ақ бизнес үшін бірегей FX-платформасын ұсынамыз, оның көмегімен клиент нақты уақыт режимінде валюта бағамын бақылай алады және конверсиялық келісім-шарттар жасай алады. Біздің аймақтағы клиенттердің 50%-дан астамы уақытты үнемдеп, жинақтарының сақталуын қамтамасыз ете отырып, ең жақсы бағамдар бойынша айырбастау операцияларына тікелей қол жеткізе алады.

Соның арқасында осы сала бойынша өңірлік филиалымыз алдыңғы қатардан көрінді. Санмен айтар болсақ, банктің өңірдегі үлесі төрт жылда екі есе, яғни 8-ден 16%-ға дейін артты. 

Мұнымен қоса облыс екіге бөлінбей тұрған кезде аймақта ЦентрКредит Банкінің 4 филиалы ғана болса, қазір Шымкент қаласы мен Түркістан облысының өзінде бөлімшелердің саны 12-ге жетеді.

– 2022 жылдың көрсеткіштеріне тоқталсақ. Биыл жергілікті банк филиалы қандай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізді?

– 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында шымкенттіктердің жеңілдетілген автонесиеге деген қызығушылығы жоғары болды. Қаламыз Астана мен Алматыдан кейін бұл бағдарлама бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Өз мысалымызда айтар болсақ, мегаполис бойынша автонесиеге өтініш бергендердің 4000-ға жуығы біздің банкімізге жүгінген. Одан бөлек, ЦентрКредит Банкі бойынша жеке тұлғадан жеке тұлғаға алғаш рет автонесие біздің филиал арқылы рәсімделді. 

Шағын және орта бизнес саласын несиелеу бойынша біздің филиалымыз басқа банктер арасында жетекші орында тұр. Себебі бізде жеке кәсіпкерлерге кепілсіз несие беру бойынша көрсеткіштер жоғары деңгейде. Биылдың өзінде жеке кәсіпкерлер 28,5 миллиард теңгеге біздің филиал арқылы 2000-нан астам несие рәсімдеген. 

Ал жеке тұлғаларға берілген несие саны 5141-ге жетсе, жалпы көлемі 50,4 млрд теңге болды.

– Өңірде банктің тағы қандай өнімдеріне сұраныс жоғары? 

– Қазір шымкенттіктер белсенді түрде банкіміздің #картакарта деп аталатын өніміне қызығушылық білдіруде. Бұл картаны бір мезетте дебеттік, несие және бөліп төлеу үшін қолдануға болады. Сондай-ақ азаматтар оны қолдану арқылы жоғарылатылған кэшбэкке ие бола алады. 2022 жылдың тоғыз айында 30 мың адам осы картаны ашуды ұйғарған. 

Қаламыздың қарт тұрғындары үшін #ҮлкенгеҚұрмет зейнетақы картасы бар. Бұл картамен супермаркеттер мен дәріханалар үшін 3%-ға дейін кэшбэк қарастырылған. 

Біздің өңірде сұранысқа ие тағы бір өнім #IronCard премиум картасы болып отыр, ол барлық операциялар үшін 4%-ға дейін кэшбэк береді, ҚР кез келген банктерінің карталарына шектеусіз тегін аударымдарды және шетелдік қаржы институттарының карталарына 1 млн теңгеге дейін ұсынады. Айына клиенттер үшін кем дегенде 70 премиум сегмент деңгейіндегі карта ашамыз.

Тағы бір сұранысқа ие өнім “7-20-25” тұрғын үй бағдарламасы екенін атап өткім келеді. Осы бір ипотекалық бағдарлама бойынша оңтүстікте берілетін 10 несиенің жетеуі біздің қалада рәсімделсе, еліміз бойынша әр екі несиенің біреуі ЦентрКредит Банкі арқылы жүзеге асырылады. 

– Ал бизнес өкілдеріне қандай қолдау білдірудесіздер? 

– Жергілікті бизнесті дамыту мақсатында біз қала әкімдігімен бірлесіп, бірқатар жемісті жобалар жүргізудеміз. Мысалы, биыл шілде айында “Мен кәсіпкер боламын” және “Іскер қала” бағдарламаларының негізінде жалпы сомасы 600 миллион теңгеге жететін келісімге орнаттық. Аталмыш бағдарламалар бойынша кәсіпкерлерге 7%-дық мөлшерлемемен берілетін несиенің 6%-ын мемлекет субсидиялайды. Сонда түптеп келгенде бизнес өкілі 1% мөлшерлемемен несие рәсімдей алады. Шымкенттік кәсіпкерлерге міне осындай қолдау білдірудеміз. 

Бұдан бөлек бизнес өкілдері үшін 50 миллион теңгеге дейін кепілсіз несие қарастырылғанын атап өткім келеді. Биылдың өзінде 5 мыңнан аса заңды тұлға бізбен жұмыс істеуді жөн көрген. 

– Шымкенттік филиал қаланың әлеуметтік өміріне араласа ма? 

– ЦентрКредит Банкі әрдайым қалада өткізілетін әлеуметтік, қайырымдылық шараларға қолдау білдіріп келеді. Мәселен, жақында 1 қазан – Қарттар күніне орай біз қаладағы қариялар үйіне барып, ата-әжелеріміздің қал-жағдайын біліп, материалдық жағынан көмек бердік.

Мұнымен қоса білім саласына да көңіл бөлудеміз. Мәселен, “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында филиалымыз Сайрам ауданында орналасқан үш мектептің ашылуына қолдау көрсетті. Осылайша, аудандағы үш ауысымды мектептер мәселесін шешті. Қазір білім беру мекемелері бір ауысымда оқуға көшті.

– Банкке жұмысқа орналасу қаншалықты қиын? 

– Өз басым банкке жұмысқа тұру айтарлықтай қиын деп ойламаймын. Бұл тұрғыда біз де өз тарапымыздан бұл процесстерді барынша жеңілдетіп, кедергілерді азайтуға ден қоюдамыз. Біз барлық бос лауазымдарды сайтымызда және арнайы жұмыс іздеу платформаларында жариялаймыз. Іріктеліп алынған кандидаттармен жеке сұхбат жүргізу арқылы олардың қай салаға икемі бар екенін анықтаймыз. 

Мұнымен қоса қазір қаладағы университеттермен тығыз байланыс орнатудамыз. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында келісімге келген ЖОО-лардың студенттерін  тағылымдамадан өтуге үнемі шақырту жолдап отырамыз. 

– Келесі жылға арналған мақсаттарыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Қазіргі таңда біз өңірлік филиалдың нарықтағы үлесін 30%-ға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ өңірде филиалдардың санын көбейтуге басымдық бермекпіз. Осы орайда келесі жылы тағы төрт банк бөлімшесін ашамыз деген жоспарымыз бар.

Екіншіден, осы қарқынымыздан таймай, бизнесті қолдап, шымкенттіктерге сенімді серіктес болғымыз келеді. Ол үшін банктің жұмысын оңтайландырып, клиентпен ыңғайлы қатынас орнатуды басты мақсат еттік. Себебі жұмыс барысында клиенттеріміздің алғысы бізге ары қарай қажырлы қызмет етуге жігер сыйлайды. Әр клиентіміздің жеткен жетістігі – біз үшін үлкен мақтаныш! Өз кезегінде банк оларға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін айтқым келеді. 

Дидар Халық
Сейсенбі, 15 Қараша, 2022 09:00
Талқылау